15.06.2006, 16:17 2718

Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес ұйымына мүше елдердің саммитінде аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланады

МИСКЕУ. 15-маусым. Kazakhstan Today. Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес ұйымына мүше елдердің саммитінде аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі РФ СІМ-не сілтеме жасап.

“Кездесуде аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы тұру бағытындағы бірлескен қадамдарды күшейту, әскери-саяси, экономика, экология және гуманитарлық салалардағы сенім шаралары кеңесінің аясында келісілген мәселелерді жүзеге асырудың тиімді модельдерін айқындау жайы басты әңгіме өзегіне айналмақ”,- деді РФ СІМ-нің ресми өкілі Михаил Камынин 17-маусымда Алматыда өтетін саммитке қатысты журналистер сауалына берген жауабында.

М.Камыниннің айтуынша, кездесу соңында декларация қабылданады деп межеленген. “Сыртқы істер министрлері мен ұйымға мүше елдердің уәкілетті өкілдері сонымен бірге Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес ұйымының хатшылығы туралы келісімге қол қояды. Хатшылық форумның жұмыс құралына айналып, кеңес аясындағы шараларды әкімшілік-техникалық қолдауға бағытталған күнделікті жұмыстарды атқаруға, сенім шараларын жүзеге асыруға бағытталған ақпараттарды жинап таратуға тиіс”,- деді СІМ –нің өкілі.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі Кеңес құру туралы бастаманы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев көтерген. Азиядағы өзара сенім және ықпалдастық шаралары жөніндегі Кеңеске мүше-елдердің мемлекет және үкімет басшыларының тұңғыш саммиті 2002-жылдың маусым айында Алматыда өтті.

Ұйымға Ауғанстан, Изербайжан, Египет, Үндістан, Израиль, Иран, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Пәкістан, Палестина, Ресей, Тәжікстан, Таиланд, Түркия, Өзбекстан, Мысыр тәрізді 16 мемлекет қамтылады. Ұйымға бақылаушы мәртебесіне Малайзия, АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония, Индонезия, Украина, Вьетнам елдері мен БҰҰ, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Араб елдеоінің лигасы сынды бірқатар халықаралық ұйымдар ие болған.

Ресей, Қытай, Изербайжан, Ауғанстан, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Өзбекстан және Таиланд мемлекет басшылары Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес ұйымының 2-саммитіне қатысатынын растады. Израиль, Монғолия және Түркиядан үкімет басшыларының орынбасарлары, Үндістаннан үкімет басшысының арнаулы өкілі деңгейінде делегациялар қатыспақ. Корея Республикасын ұйымға мүше ретінде қабылдау көзделген. Бақылаушы ел ретінде Украинадан алғаш рет жоғары деңгейлі өкіл қатысқалы отыр.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны