28.12.2007, 16:57 3098

Бадри Патаркацишвили Грузия президенттігі үшін додаға қатыспайды

Бадри Патаркацишвили Грузия президенттігі үшін додаға қатыспайды

Тбилиси. 28 желтоқсан. "Қазақстан Бүгін" - Президенттіктен үміткер болған кәсіпкер Бадри Патаркацишвили Грузия президенттігі үшін додаға қатысудан бас тартып, өз кандидатурасын алды. Бұл туралы кәсіпкердің баспасөз қызметі бейсенбіде таратқан Б. Патаркацишвилидің мәлімдемесінде айтылған, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

"Ел басшысы болудан ниеті бар кез-келген адамның беделі қылаусыз таза болуға тиіс. Осыған байланысты мен сайлау алдындағы науқанды тоқтатуға, Орталық сайлау комиссиясына сайлауға атсалысудан бас тарту туралы өтініш жіберуге дайынмын", -делінген бұрынғы кандидаттың мәлімдемесінде.

Б. Патаркацишвилидің айтуынша, кейінгі күндері өзінің атына байланысты белең алған дау-дамайға байланысты ол өзінен және Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвилиден өз кандидатураларын қайтарып алу жөніндегі оппозиция жетекшілерінің үндеуін қабыл алған.

"Мен олардың үндеуіне қосыламын. Менің Саакашвилиден бір ерекшелігім - саяси амбициям жоқ, мен билікке ұмтылмаймын. Менің бір ғана мақсатым - Грузияның жаңғыруы. Ал бұл қазіргі режим ахуалында мүмкін емес", - делінген Б. Патаркацишвилидің мәлімдемесінде.

Бұған қоса Б. Патаркацишвили Грузия билігін өзіне қастандық жасады деп айыптады.

"Бәсекелестің көзін құртуға қандай заңға сәйкес ақша төлеуге болатынын мен түсінбеймін. Ал мен биліктің менің адамдарыма қаратып оқ атпағаны үшін ақша төлегім келген еді, ал олар болса, мені құртуға ақша төлемек болды", - деп мәлімдеді Б.Патаркацишвили.

Сонымен қатар кәсіпкер 5 қаңтардағы сайлаудан кейін билікке келетін жаңа демократиялық ел басшылығы елді "бейбітсүйгіштік жолға сала алады", және "ел ішінде террордың таралуына түрткі болған шешен лаңкестерінің көмегімен мені өлтірмек болған" биліктің іс-әрекеттеріне құқықтық баға береді дегенге сенім білдірді.

Б. Патаркацишвилидің орталық сайлау штабының өкілі, Грузия парламентінің депутаты Гоча Джоджуа кәсіпкердің өз кандидатурасын алу жөніндегі шешіміне берген түсініктемесінде Б. Патаркацишвилидің мұндай қадамға оппозицияны жалпы қолдау үшін барғанын атап өтті. Джоджуаның айтуынша, Б. Патаркацишвилидің шешімі ерлікке жатады.

"Ол ерлікпен шешім қабылдады және бұл қадамға билікте де ар-ұят бар және М. Саакашвили де өз кандидатурасын алады, содан кейін ғана ел демократиялық жолға қайта түсе алады деген сеніммен барды", - деп мәлімдеді Джоджуа.

"Новые правые" партиясынан президенттіктен үміткер Давид Гамкрелидзе болса өзінің Б. Патаркацишвилимен дос екенінен қарамастан, 7 қарашадағы оқиғалардан кейін кәсіпкердің ұстанымын қолдамағанын, дегенмен, өз кандидаруасын алу жөніндегі шешімі дұрыс екенін атап өтті.

"Мен оның радикалдық қадамдары елді дағдарыстан шығара алады деп санамаймын. Бадри Патаркацишвилидің іс-әрекеттерінің құрбаны "Имеди" телекомпаниясы болды. Осындай жағдайда Бадри Патаркацишвили үшін ең оңтайлы қадам өз кандидатурасын алу екені сөзсіз", - деді Д. Гамкрелидзе.

Грузия президенттігінен үміткер Михаил Саакашвили болса Б. Патаркацишвилидің төңірегіндегі ахуалға берген түсініктемесінде ел басшылығы "түнек күштеріне" елдің болашағын күйретуге мүмкіндік бере алмайды деп мәлімдеді.

"Б. Патаркацишвили - Ельциннің дәуірінде Березовскиймен бірлесіп Ресейде маразмдарға барған тұлға, ол осындай қадамдарын Шеварднадзе үкіметінің тұсында да жүзеге асырығысы келді, бірақ ол ойы іске асқан жоқ. Біз бірде-бір түнек күшіне Грузияны бұрынғы бастан өткерген қараңғылық дәуіріне қайта алып келуге мүмкіндік бермейміз", - деп мәлімдеді М. Саакашвили.

Ал Грузияның Консервативтік партиясының жетекшісі Звиад Дзидзигуридің пайымдауынша, экс-президент М.Саакашвили де Б. Патаркацишвилиден үлгі алуға тиіс. Дзидзигуридің сөзіне қарағанда, М. Саакашвили Б. Патаркацишвилидің атына байланысты кейінгі кезде белең алған лас саяси ойынның ең басты арандатушысы болып табылады.

Грузиядағы президент сайлауы 2008 жылғы 5 қаңтарда өтеді. Б. Патаркацишвили өз кандидатурасын алғаннан кейін президент орынтағы үшін 6 үміткер күресетін болады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны