07.04.2010, 18:40 4095

БҰҰ бас хатшысы мен Қазақстан президентінің келіссөздері кезінде Арал теңізі алабындағы экологиялық және әлеуметтік-экономикалық ахуалға да ерекше назар аударылды

БҰҰ бас хатшысы мен Қазақстан президентінің келіссөздері кезінде Арал теңізі алабындағы экологиялық және әлеуметтік-экономикалық ахуалға да ерекше назар аударылды

Астана. 7 сәуір. Kazakhstan Today - БҰҰ бас хатшысы мен Қазақстан президентінің келіссөздері кезінде Арал теңізі алабындағы экологиялық және әлеуметтік-экономикалық ахуалға да ерекше назар аударылды, деп хабарлайды Kazakhstan Today президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Ақордада мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесті.

Ресми кездесу рәсімінен кейін өткен келіссөздер барысында Қазақстан мен Біріккен Ұлттар Ұйымының арасындағы өзара ықпалдастықтың сан-салалы мәселелері, жаһандық және өңірлік саясаттың өзекті жайттары талқыланды.

Қазақстан БҰҰ-ны мейлінше беделді, әмбебап халықаралық ұйым ретінде таниды. Сонымен қатар БҰҰ-ның халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдаудағы, кикілжіңдерді шешудегі және адамзат бетпе-бет келіп отырған өзге де қауіп-қатерлермен күрестегі орталық рөлін нығайтуды жақтайды. БҰҰ-мен ынтымақтастық Қазақстанның сыртқы саясатының басымдықтары қатарына жатады. Бүгінде республикада БҰҰ жүйесіндегі 16 арнаулы мекеме, қор және бағдарламалар өкілдіктері жұмыс істейді. Олардың көпшілігі өңірлік және субөңірлік мәртебеге ие.

Біріккен Ұлттар Ұйымындағы 1992 жылдан бергі мүшелігі кезеңінде Қазақстан мемлекеттердің халықаралық қоғамдастығына сәтті кірікті және өзінің елеулі орнын ала білді. Соның айқын бір айғағы - БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасымен Семей полигоны жабылған 29 тамызды "Ядролық сынақтарға қарсы күрестің бүкіләлемдік күні" деп жариялау туралы қарар қабылдады. Бұл - қарусыздандыру мен жаппай қырып-жою қаруын таратпау ісіне Қазақстанның қосқан үлесін әділ және жоғары бағалау.

БҰҰ шеңберінде Қазақстан сонымен бірге Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары Кеңесін (АӨЫСШ) шақыру, Орталық Азияның экономикасына арналған БҰҰ Арнаулы Бағдарламасын (СПЕКА) жасау, Арал және Семей экологиялық апат аймақтарын сауықтыру сияқты бірқатар ірі халықаралық бастамалар көтеріп, оларды жүзеге асыруда.

Бас Хатшы Пан Ги Мун аталған бастамаларға, сондай-ақ Қазақстанның ұлтаралық және дінаралық диалогты дамыту бағытындағы қызметіне, Илемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезін шақыру ісіне жоғары баға берді.

Мемлекет басшысы өз кезегінде БҰҰ Бас хатшысының жаһандық қарусыздандыру үдерісіне қосқан жеке үлесін атап айтып, Пан Ги Мунның Қазақстанға сапарын бұрынғы Семей ядролық полигонынан бастауының символдық мәні бар екеніне назар аудартты.

Өз кезегінде Пан Ги Мун "Қазақстан президентінің көреген саясаты болмағанда, бұл өңірдегі халық әлі күнге дейін сынақтардан зардап шегіп отыруы мүмкін еді" деп атап өтті.

"Ұлттың көшбасшысы ретінде Семей полигонын жауып, ел аумағынан бүкіл ядролық инфрақұрылымды алып тастау туралы шешіміңіз үшін Мен Сізге зор құрметімді білдіргім келеді", - деп мәлімдеді БҰҰ Бас хатшысы.

Пан Ги Мун Қазақстан көшбасшысының жақында Вашингтонда өтетін Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ғаламдық саммитте сөз сөйлеуге өзге ешкімде жоқ моральдық құқыққа ие екенін атап айтты.

"Ядролық сынақтарды тоқтату және ядролық қарудан арылу қажеттігін мәлімдеуге ешкім Сізден артық лайықты емес, өйткені Сіздің халқыңыз сынақтардың құрбаны болып саналады", - деді Пан Ги Мун.

Мемлекет басшысы жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға зор еңбек сіңірген ел ретінде Қазақстанның өзге мемлекеттерді ядролық қарусыз әлем қалыптастыру бағытында одан әрі қадамдар жасауға шақыратынын айрықша атап айтты.

Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ пен Ресей президенттері 2010 жылдың 8 сәуірінде Прагада қол қоятын болып белгіленген Стратегиялық шабуылдық қару-жарақты қысқарту туралы жаңа келісімшартты өзінің құптайтынын білдірді.

Сонымен қатар тараптар халықаралық қауіпсіздік саласының өзекті мәселелері, ядролық қарусыздандыру үдерісі үшін аса үлкен мәні бар бірқатар іс-шаралар бойынша пікірлесті. Таяуда Вашингтонда өткелі отырған Ядролық қауіпсіздік жөніндегі Ғаламдық саммитке және осы жылдың мамыр айында Нью-Йоркте өтетін Ядролық қаруды тараптау туралы Келісімшарттың Шолу конференциясына үлкен үміт артылып отыр.

Өңірлік ауқымда бір жыл бұрын күшіне енген Орталық Азияда ядролық қарусыз аймақ құру туралы шартты жүзеге асырудың маңызы ерекше.

Келіссөздер барысында Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығына айрықша назар аударылды. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығына қолдау көрсеткені және әртүрлі бағыттағы ынтымақтастықты жандандыруға, соның ішінде Ауғаныстандағы тұрақтылық пен қалпына келтіру мәселесіне де ынталылылығы үшін Пан Ги Мун мырзаға ризашылығын білдірді.

Келіссөздер кезінде Арал теңізі алабындағы экологиялық және әлеуметтік-экономикалық ахуалға да ерекше назар аударылды. Аралды құтқару Халықаралық қорының әлеуетін кеңірек пайдалану туралы келісімге қол жетті.

Президент Қазақстанның БҰҰ Бас хатшысының сапарын елдің Біріккен Ұлттар Ұйымымен арадағы жан-жақты ынтымақтастығына қуаттты серпін берер маңызды тарихи оқиға ретінде бағалайтынын атап өтті.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бейбітшілік, әлеуметтік әділеттілік және жаһандық деңгейдегі тұрақты даму саласында сіңірген айрықша еңбегі үшін БҰҰ Бас Хатшысы Пан Ги Муннің 1-дәрежелі "Достық" орденімен марапатталғанын атап айтты және оған жоғары марапатты табыс етті.

Салтанатты марапаттау рәсімінен кейін президент Нұрсұлтан Назарбаев пен БҰҰ Бас Хатшысы Пан Ги Мун БАҚ өкілдері үшін мәлімдеме жасады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны