28.08.2006, 14:49 3288

БҰҰ-ның бас хатшысы Қазақстан мемлекет басшысына Семей ядролық сынақ полигонының жабылуының 15 жылдық мерейтойына орай хат жолдады

АСТАНА. 28-тамыз. Kazakhstan Today. Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 15 жыл толуына орай Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Кофи Аннан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жолдау жіберді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

К. Аннанның Елбасының атына жіберген хатын бүгін Астанада өткен апталық брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ержан Ашықбаев оқып берді. "Полигонды жабу туралы шешім ядролық қатерді келмеске кетірудің жарқын үлгісі және халықтың бейбітшілік пен қарусыздануға ұмтылысын паш етеді. 1991 жылы ядролық қаруға ие болудан өз еркімен бас тарту және сынақ полигонын жабу, ядролық қарусыздану мен таратпаудың жаһандық күш-жігеріне өлшеусіз үлес қосты", делінген жолдау мәтінінде.

"Семей сынақ полигоны жабылған 15 жылдан кейін ядролық жарылыстардан зардап шеккен тұрғындардың денсаулығын сауықтыру мен аймақтың экологиялық жүйесін қалпына келтіру әлі де болса айрықша назар аударуды қажет етіп отырғаны маған мәлім. БҰҰ сіздің алаңдаушылығыңызға ортақтасады және тұрғындарды сауықтыруға, Семей аймағының экологиясы мен экономикалық дамуына бағытталған мүмкіндіктерді көздейтін Қазақстанның күш-жігерін жақтайды. Біз Сіздің еліңізбен ядролық қарудан азат бейбітшілікті құру ісіндегі тығыз ынтымақтастығымызды жалғастыра береміз", делінген жолдауда.

"Қазақстан президентінің 1991-жылдың 29-тамызында Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы шешім қабылдауы әлемдік тарихта бұрын-соңды болмаған оқиға болып, алғаш рет ядролық сынақ полигоны жабылды. Бұл оқиғаның маңызы еліміз аясынан шығып кеткен. Ол ғаламдық қарусыздану және қару таратпау саласындағы алғашқы маңызды қадам. Еліміз адамзат пен болашақ ұрпақ алдында жоғары жауапкершілік үлгісін паш етіп, өзінің батыл қадамы арқылы шынайы қауіпсіздікті ядролық қарумен мұздай құрсану емес, бейбітшілік сүйгіш сыртқы саясат, ел ішіндегі тұрақтылық, елдің тұрақты экономикалық және саяси дамуы мен ел азаматтарының отансүйгіштігі қамтамасыз ете алатынын үлгі ретінде көрсете білді",- деді Е.Ашықбаев.

"Қазақстан қару таратпау режимінің принциптеріне қатаң бағынумен бірге өзіне осы сала бойынша жүктеп алған міндеттемелерін мұқият орындап келеді",- деді СІМ өкілі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны