27.01.2009, 18:53 3172

Чехия Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты кеңейтуде Қазақстанға басым маңыз береді (толықтырылған)

Чехия Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты кеңейтуде Қазақстанға басым маңыз береді (толықтырылған)

Астана. 27 қаңтар. "Қазақстан Бүгін" - Еуропалық Одаққа ағымдағы жылы төрағалық жасауға кіріскен Чехия 2007 жылы қабылданған Еуропалық Одақтың Орталық Азия елдерімен жаңаша серіктестік стратегиясын одан әрі дамытуға түрткі болмақшы және ынтымақтастықты кеңейту мәселесінде Қазақстанға басым маңыз береді. Бұл туралы бүгін Қазақстан парламенті мәжілісінің төрағасы Орал Мұхамеджановпен кездесуде Чехия Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Бедржих Копецки мәлімдеді, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Мәжіліс төрағасы 2010 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі жөніндегі шешім қабылданарда Чехия тарапынан қолдау жасалғаны үшін ризашылығын білдірді. "Екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастық байланыс дамып келеді. Алайда, әлі де оның қарқынын арттыра түсуге мүмкіндік бар",- деді О.Мұхамеджанов.

Еліміздің Статистика агенттігінің мәліметіне сүйенсек, 2008 жылдың қаңтар-желтоқсан айларының ішінде Қазақстан мен Чехия арасындағы тауар айналымы 259,2 млн АҚШ долларын құраған. Оның ішінде экспорт 73,1 млн доллар, импорт 186,1 млн долларды құрап отыр.

Чехия елінің капиталы қатысуымен Қазақстанда 72 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Бүгінгі таңда елімізде Чехияның 16 фирмасының өкілдігі тіркелген.

Палата жетекшісі қазір шетелде білім алып жатқан қазақстандық жастардың 500-і Чехияда екенін, оның ішінде 80 студент "Болашақ" мемлекеттік бағдарламасы бойынша білім алып жатқанын атап өтті.

Тараптар алдағы уақытта екі мемлекет арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеруге толық мүмкіндіктер бар екенін атап көрсетті.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны