16.01.2012, 15:04 4159

Дауыс беру қалыпты жағдайда өтті

Алғаш болып Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының өкілдері баспасөз-мәслихатын өткізіп, тиісті бағаларын берген.

Астана. 16-қаңтар. Kazakhstan Today - Дауыс беру қалыпты жағдайда өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Хабар агенттігінің хабарлауынша, алғаш болып Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының өкілдері баспасөз-мәслихатын өткізіп, тиісті бағаларын берген.

Одан кейін сайлауға қатысты өз пікірлерімен Испания, Германия, АҚШ, Голландия және Ұлыбританиядан келген байқаушылар бөлісті. Дауыс беру қалыпты жағдайда өтті. Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының өкілдері осындай пікірде. Алматыдағы сайлауды бақылауға ұйымның 9 мүшесі келген. Олар Алматыдағы барлық сайлау учаскелеріндегі жұмыс тиісті заңнамаға сәйкес ұйымдастырылғанын атап өтті. Бұдан соң Голландиялық байқаушы, Амстердам университетінің профессоры Ласло Кароли Мараш сұхбат берді. Ол Қазақстанда болғанымен Алматыға тұңғыш рет келуі екен. Тау баурайында орналасқан шаһардың ауа райына дән риза. Сайлау үдерісінен алған әсері де жоғары. "Учаскелердің дайындығы жақсы, сайлау үрдісі Еуропалық деңгейде өтіп жатыр"-деген бағасын берді Ласло Мараш. Сайлау алдында партиялардың сайлауалды штабтарын аралап, бүгін сайлау учаскелерінде болып қайтқан германиялық байқаушы Михаэль Лаубш халықтың саяси белсенділігін жоғары бағалады. Ұлыбритания мен Испаниядан келген делегаттар да тілшілермен кездесіп, көңілге түйгендерін жеткізді.

"Сайлау учаскелерінің мүшелері дауыс берушілерге көп көмегін тигізді. Келушілер бір нәрсені дұрыс түсінбей сұрақтар қойып жатты. Ал учаске мүшелері оларға барынша түсіндіріп отырды", - дейді Ұлыбританиядан келген халықаралық бақылаушы Руперт де Круз.

"Былтыр Қазақстандағы Президент сайлауына қатыстым. Байқаушылар миссиясының құрамында шамамен 20 рет болдым. Бірден көзге түскені, сайлау учаскелері мүшелерінің басым бөлігі әйел адамдар екен. Үміткерлер арасында да нәзік жандылар аз емес. Осылайша қазақстандық әйелдер елдің саяси өміріне белсенді араласып, елдің дамуына мүдделі деген тоқтамға келдім", - деп атап өтті Испания Сенатының депутаты Дианисио Гарсиа Кареро.

Вашингтоннан келген, саясаттанушы ғалым Сергей Грецкий де бірнеше учаскені аралап көрген. Бүгінде АҚШ азаматы, Католик университетінің профессоры Беларусь тумасы. Сондықтан ТМД елдерінің тыныс-тіршілігін жіті қадағалап отырады.

"Қазақстан бүгінгі таңда ТМД елдері арасында теледебат өткізген жалғыз мемлекет. Алғаш рет бұндай теледебат 2005 жылғы Президент сайлауы кезінде ұйымдастырылды. Өзім барған жерлерде тұрғындар белсенді. Исіресе ауылды жерлердің халқы сайлауға көптеп келіп жатты", - АҚШ-тық байқаушы Сергей Грецкий.

Халықаралық байқаушылардың баспасөз-мәслихатын ТМД-ға мүше мемлекеттері Парламентаралық Ассамблеясы мен Беларусь пен Ресей Одағы Парламенттік Жиынының өкілдері қорытындылады. Жалпы халықаралық байқаушылар сайлау заңының сақталып, дауыс беру үдерісінің халықаралық талаптарға сай өткенін айтады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны