12.10.2012, 14:11 3074

ЕҚЫҰ мен АӨІСШК екеуі біріксе, Еуразия деген үлкен құрлықта тыныштық пен бейбітшілік орнар еді

Бұл пікірді бүгін Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейлі стратегиялық ынтымақтастық кеңесі бірінші отырысынан кейін қазақстандық журналистердің сауалына жауап берген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев білдірді.

Анкара. 12-қазан. Kazakhstan Today - ЕҚЫҰ мен АӨІСШК екеуі біріксе, Еуразия деген үлкен құрлықта тыныштық пен бейбітшілік орнар еді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Бұл пікірді бүгін Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейлі стратегиялық ынтымақтастық кеңесі бірінші отырысынан кейін қазақстандық журналистердің сауалына жауап берген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев білдірді.

Қазақстанның БҰҰ мінберінен көтерген ұсынысымен құрылған АӨІСШК-ке бүгінде 22 мемлекет мүше екендігін айта келе Н.Назарбаев: "Біз оның бірнеше отырысын өткіздік. Ұйым мемлекеттердің арасындағы қиын-қыстау кезеңдерде кездесіп, тіл табысатын мінбер болды. Ауғанстан мен Үндістан жанжалдасып, ахуал шиеленесіп жатқан кезде Алматыда екі елдің басшылары осы кеңестің аясында кездесіп, тіл табысты. Сондықтан оны бауырлас түрік мемлекетінің төрағалықты өзіне алғанына мен зор ризашылығымды білдіремін. Келесі төрағалық ҚХР-ға өтетін болады", деді.

Бұл ретте Елбасы осы бастама Азия мемлекеттерінің арасындағы қауіпсіздікті орнатудың зор мүмкіншілігі екендігін баса айтты. Мемлекет басшысының пайымынша, мынадай алай-дүлей болып жатқан алмағайып заманда дүниежүзіндегі жаһандану және жан-жақтан күтпеген қауіптердің туындап жатқан кезінде мұндай ұйымның қажеттігі өте зор болып табылады.

"Қиыншылықтар мен шиеленістердің, қақтығыстың көбі - Азияда. Халықтың көбі де - Азияда. Байлықтың көбісі де - Азияда. Болашақтың да тетігін табатын Азия болып табылады. Сондықтан да Азияда ынтымақтастық, сенім, тыныштық болса бүкіл дүниежүзіне септігін тигізеді деп ойлаймын. Біз кеше төраға болған ЕҚЫҰ мен АӨІСШК екеуі бірігетін болса, Еуразия деген үлкен құрлықта тыныштық пен бейбітшілік орнар еді деген менің арманым бар", Н.Назарбаев.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны