04.12.2006, 16:41 2767

ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясы Қазақстанның 2009-жылы ұйымға төрағалық жасауға деген талпынысын қолдайды

БРЮССЕЛЬ. 4-желтоқсан. Kazakhstan Today. ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясы Қазақстанның 2009-жылы ұйымға төрағалық жасау жөніндегі сұранымын қолдайды. Бұл туралы ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының төрағасы Гёран Леннмаркер Брюссельде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше-елдердің сыртқы істер министрлерінің жыл сайынғы 14-отырысын ашып сөйлеген сөзінде мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігі.

"Мен Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымына төраға болуын толық қолдаймын",- деп мәлімдеді Г.Леннмаркер.

Г.Леннмаркердің айтуынша, "ЕҚЫҰ жуырда ғана жыл сайынғы 17-ші Парламенттік ассамблеяны 2008-жылы Алматыда өткізуді бір дауыстан қолдады".

"Парламенттік ассамблея жыл сайынғы сессияны Қазақстанда өткізу Орталық Азия елдерін ЕҚЫҰ іс-қызметіне толыққанды тартуға көмектеседі деп пайымдайды",- делінген баспасөз баянында.

Осы орайда еске сала кетсек, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше-елдердің сыртқы істер министрлерінің жыл сайынғы 14-отырысы бүгін Брюссельде басталды. 68 ел мен халықаралық ұйымдардың өкілдері екі күн бойы дау-дамайларды реттеу, адам құқығын қорғау, құл саудасы, сайлауларды әділ өткізу, ЕҚЫҰ іс-қызметінің басымдықтары сынды өзекті проблемаларды талқылайды.

Бас қосуға Қазақстаннан СІМ Қасымжомарт Тоқаев, СІМ-нің бірінші орынбасары Рахат Илиев, Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы тұрақты өкілі Дулат Қуанышев, Қазақстанның Бельгия Корольдігіндегі елшісі Константин Жигалов қатысуда. Ресми өкілдер құрамында барлығы 17 адам бар.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше-елдердің сыртқы істер министрлерінің жыл сайынғы 14-отырысында Қазақстанның 2009-жылы ұйымға төрағалық жасау туралы өтініші талқыланады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны