22.05.2007, 16:32 2691

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы өзінің сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі ұсыныстарының Қазақстанда жүзеге асырылуын қадағалайды

АСТАНА. 22 - мамыр. Kazakhstan Today. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы өзінің сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі ұсыныстарының Қазақстанда жүзеге асырылуына мониторинг жүргізеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Қазақстанның Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі Стамбулдық іс-қызмет жоспарын жүзеге асыруға қатысты мониторинг жүргізу мақсатында 21-інен 25-ші мамыр аралығында Қазақстанда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының халықаралық сарапшылар тобының сапары өтеді, деп хабарлады журналистерге берген сұхбатында Қазақстан Республикасының экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Қайрат Қожамжаров. "Бүгін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының сарапшыларымен бірінші жұмыс кездесуі өтті, оның негізгі міндеттері Қазақстанда сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге қатысты мемлекеттің қабылдап отырған шараларын бағалау болып табылады",- деді ол.

"Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының өкілдері 2004/2005 жылдарды Қазақстанда жұмыс істеп, республикада қабылданып отырған практикалық шараларды, ұлттық заңнамаларды, арнаулы құқық қорғау органдарының жұмысын зерделеген. Мониторинг қорытындысы бойынша олар сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі мемлекеттік органдардың жұмысындағы кемшіліктерді жоюға қатысты нақты ұсыныстар жасаған болатын",- деп еске сала кетті Қ. Қожамжаров. "Бұл ұсыныстарды біз алып, жүзеге асырудамыз",- деп атап өтті ол.

"Шынайы ахуалдан елімізде құқықтық базаны күшейтуге, нақты практикалық шараларды қабалдауға бағытталған нақты жұмыстар жасалып жатқандығын көруге болады, сондықтан да оң баға беріледі деп күтудеміз",- деп қорытындылады төраға орынбасары.

Еуропалық экономикалық ынтымақтастық ұйымының құқықтық ізбасары болып табылатын Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы 1961 жылдың 1-қыркүйегінде Парижде құрылған. Қазіргі уақытта ұйым 30-дан астам елді біріктіріп отыр. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы аясында 1998 жылы өтпелі экономикалы елдер үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы желі құрылған, оның мүшелері Орталық, Оңтүстік-Шығыс, Шығыс Еуропаның, Кавказдың және Орталық Азияның 23 елі болып табылады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны