03.10.2006, 13:03 2962

Еліміз өкілдері ЕҚЫҰ-ның жыл сайынғы өтетін адам өлшемдері саласындағы міндеттемелерді қарайтын кеңеске қатысуда

ВАРШАВА. 3-қазан. Kazakhstan Today. Еліміз өкілдері ЕҚЫҰ-ның жыл сайынғы өтетін адам өлшемдері саласындағы міндеттемелерді қарайтын кеңеске қатысуда. Кеңес кеше Варшавада басталды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі еліміздің осы елдегі елшілігіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеңеске ұйымға қатысушы барлық 56 елдің өкілдері қатысуда. Форумға Қазақстан жағынан Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Болат Байқадамов, мәдениет және ақпарат вице-министрі Ержан Бабақұмаров, Қазақстан Республикасының Польшадағы елшісі Алексей Волков, әділет және сыртқы істер министрліктерінің сарапшылары, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысуда.

Форумды ашқан ЕҚЫҰ-ның Адам құқы жөніндегі институттар бюросының директоры (АҚДИБ) Кристиан Штрохал Хельсинки Қорытынды актісіне қол қойылған 30 жылдан бері адам өлшемдері ЕҚЫҰ қызметінің шешуші аспектілерінің біріне айналғанын атап өтті. Ол осы жолғы жиынның ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдер Сыртқы істер министрлері кеңесінің үстіміздегі жылдың желтоқсан айында Брюссельде болатын басқосуына дайындық тұрғысынан келгенде үлкен маңызға ие екенін айтты. Форумға қатысушыларды сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның бас хатшысы Марк Бришамбо, ЕҚЫҰ-ның Ұлттық азшылық істері жөніндегі жоғарғы комиссары Рольф Экеус, ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы мәселелері жөніндегі өкілі Миклош Харашти, Еуропа істері жөніндегі мемлекеттік хатшы Дидье Донфут құттықтады.

Пленарлық сессияда сөз сөйлеген қазақстандық Омбудсмен Б.Байқадамов ЕҚЫҰ-ға қатысушы барлық мемлекеттердің өздеріне алған міндеттемелерін тең дәрежеде орындау қажеттігін атап көрсете келіп, мұның өзара іс-қимыл қағидатында шешуші рөл атқаратынына тоқталды. Ұйым әзірлеп жатқан ЕҚЫҰ/АҚДИБ ұсынымдарын қатысушы мемлекеттердің орындау тетігін тиімді бақылау қажеттігіне қолдау білдірді. Бюроның ұсынымдарын іс жүзіне асыру шеңберінде Қазақстан парламенті "Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы" заңға түзету енгізуді бірінші оқылымда мақұлдағанын хабарлады. Аталған заң жобасы дауыс беру аяқталған кезден бастап сайлаудың қорытындысы ресми жарияланғанға дейінгі аралықта митинг өткізуге тыйымды алып тастауды көздейді.

Б.Байқадамов өз сөзінде адам өлшемдері саласындағы міндеттемелердің орындалуына баса мән берді. Өйткені, ЕҚЫҰ алдында тұрған жаңа қатерлер мен сынақтар әлемдік қоғамдастықтан осыны талап етіп отыр. Қазіргі таңда төзімділік пен толеранттылық, түрлі мәдениеттер мен діндер арасындағы өзара түсіністік үлкен маңызға ие. Қазақстан ЕҚЫҰ төрағалығына сайланып жатқан жағдайда осы бағытты өз қызметінің басты басымдығы ретінде алдыңғы кезекке шығарады. Омбудсмен сонымен қатар форумды қабылдаушы Польша жағына Қазақстанның Ұйымға төрағалық етуге берген тапсырысын ресми қолдағаны үшін ризашылығын жеткізді.

Сессияның бірінші жұмыс күні барысында БАҚ бостандығы тақырыбы бойынша ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Е.Бабақұмаровтың сөзі тыңдалды. Ол Қазақстандағы медиа-рыноктың жағдайы мен даму перспективалары туралы әңгімелеп, демократиялық трансформация жылдарында Қазақстанда плюрализм мен сөз бостандығын қамтамасыз етуге бағытталған кең ауқымды реформалар жүзеге асырылғанын атады. Соңғы жылдары елдің ақпарат кеңістігінде жаңа үдерістер жүріп жатыр. Олар отандық масс-медиа рыногының ырғақты дамуымен байланысты БАҚ саласындағы заңнамаларды жетілдіруді талап етеді. Вице-министр қазақстандық медиа-рыноктағы жабықтық пен есеп берудің нақты тетігі жоқтығы сияқты проблемаларды айта келіп, осының салдарынан қолданыстағы көптеген заңнамалардың бұзылатындығын атап көрсетті. Сондықтан мемлекет БАҚ қызметін, атап айтқанда, ҚР-ның ақпараттық кеңістіктегі бәсекеге қабілеттілігін дамытудың 2006-2009 жылдарға арналған тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында жетілдіру жөніндегі жұмыстарды жалғастыру ниетінде.

Осы апта барысында форумға қатысушылар сот органдарының тәуелсіздігі, толеранттылық пен қысым көрсетпеу, адам саудасын болдырмау, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, гуманитарлық мәселелер, сондай-ақ адам өлшемдері саласына қатысты басқа да міндеттемелерді қарайтын болады.

Кеңес жұмысы 13 қазанға дейін созылады, деп хабарлады Қазақстанның Польшадағы елшілігі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны