27.03.2008, 14:03 2573

Есірткіге қарсы "Канал" профилактикалық операциясы тұрақты жұмыс істейтін жобаға айналады

Есірткіге қарсы "Канал" профилактикалық операциясы тұрақты жұмыс істейтін жобаға айналады

Астана. 27 наурыз. "Қазақстан Бүгін" - Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының шеңберінде өтетін есірткіге қарсы "Канал" профилактикалық операциясы тұрақты жұмыс істейтін жобаға айналады. Бұл туралы бүгін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының бас хатшысы Николай Бордюжа президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуден кейін өткен брифингте құлағдар етті, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Н. Бордюжаның журналистерге хабарлауынша, кездесу барысында ол президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Астанада өтіп жатқан Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше елдердің заңсыз есірткі айналымына қарсы күрес жөніндегі құзыретті органдары жетекшілерінің үйлестіру кеңесінің отырысы туралы баяндап берген. "Отырыста біз есірткіге қарсы "Канал" профилактикалық операциясын тұрақты жұмыс істейтін жобаға айналдыру жөніндегі аса маңызды мәселелерді қарадық", -деді ол.

"Біз арнаулы қызметтердің есірткі қаупіне қарсы күрестегі ықпалдастығын сапалық жоғары деңгейге көтеруге жағдай жасауға талпынудамыз", - деді ол.

Н. Бордюжаның айтуынша, "отырысқа алғаш рет Шанхай ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы қатысып отыр". "Сол арқылы біз Ауғанстаннан келетін есірткі трафигіне қарсы бірлесе күресуге тиіс екенімізді атап көрсеттік", -деді ол.

Сонымен бірге, Н. Бордюжаның айтуынша, Қазақстан президентімен сұхбат барысында Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының аясындағы ахуал жайлы да сөз қозғалған". Бас хатшы ұйымның шеңберінде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының Солтүстік Атлантикалық альянстың жанындағы елшілерінің ықпалдастығы жолға қойылғанын еске салды. "Біз сонымен бірге Еуропалық Одақпен ықпалдастық орнатып, заңсыз есірткі айналымы, заңсыз көші-қон мен басқа да қауіп-қатерлерге қарсы күресте өзара ынтымақтастық орнатуды ұсындық", - деді ол.

Сонымен бірге, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының бас хатшысының айтуынша, ұйым шеңберінде төтенше жағдайлар министрлерінің үйлестіру кеңесі құрылды. "Біздің пайымдауымызша, техногендік және табиғи зілзалаларға қарсы күрес әлеуетін құру бағытының маңызы зор және осындай әлеуетті арттыра түсу қажет", - деді ол.

Бұған қоса Н. Бордюжа ұйым шеңберінде заңсыз көші-қонға қарсы күрес жөніндегі үйлестіру кеңесі жұмыс істеуде деп атап өтті. "Біз қазір адамдарды заңсыз тасымалдау арналарын айқындау бағытында арнаулы іс-шараға дайындалып жатырмыз", -деп хабарлады ол.

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының бас хатшысы жалпы алғанда ұйымның жұмысын табысты деп бағалады. "Президенттер бізге белгілеп берген Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымын барлық қауіп-қатерлерге жауап қата алатын әскери-саяси блоктан әмбебап халықаралық құрылымға айналдыру жөніндегі бағдарды біз жүзеге асырып жатырмыз", -деді ол.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевпен сұхбатта " Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының 2008 жылғы жазда Мәскеуде өтеді деп жоспарланған саммитіне дайындық пен оны өткізу жайы талқыланды. "Н. Назарбаев Қазақстанның Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымын қолдап келгенін және қолдай беретінін, ұйымның қазіргі даму деңгейі Қазақстанның жоғары басшылығының көңілінн шығатынын мәлімдеді", - деді Н.Бордюжа.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны