ЕурАзЭҚ мемлекет басшылары ұйым хатшылығына кедендік одақты құру жөнінде шаралар кешенін қабылдауды міндеттейтін тиісті құжатты қабылдады
АСТАНА. 16-тамыз. Kazakhstan Today. ЕурАзЭҚ мемлекет басшылары ЕурАзЭҚ хатшылығына және Қазақстан, Ресей және Беларус елдеріне кедендік одақты құру жөнінде шаралар кешенін қабылдауды міндеттейтін тиісті құжатты келісіп, қабылдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің басшылары бүгін бірлескен баспасөз мәслихатына қатысып, онда бүгінгі өткен кездесудің қорытындылары туралы әңгімеледі.
Баспасөз мәслихатында Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин "түпкілікті мақсат - ЕурАзЭҚ елдерінің Кедендік одаққа қосылуы" деп атап көрсетті.
Мемлекет басшылары Қоғамдастық шеңберінде ортақ энергетикалық рынок құру туралы идеяны қолдады, Орталық Азиядағы су-энергетикалық ынтымақтастықты дамыту мен атом энергетикасы саласындағы өзара іс-қимыл мәселелерін қарастырды. Сондай-ақ мемлекет басшылары Өзбекстанның ҰҚШҰ-ға қосылуы туралы шешімге қол қойды.
- Қазақстан, Ресей және Беларус елдері кедендік одақты құруға негіз болу үшін әзірленген 38 құжаттың 31-імен келісуі бүгінгі кездесудің нақты қорытындысы болып табылады. Бұнымен қоса біз ДСҰ-ға кіру мәселелерімен айналысып жатырмыз. Қазақстан мен Ресей бұл процесте едәуір алға жылжыды және ЕурАзЭҚ-тың басқа да мүшелеріне қолдау білдіретін болады, - деп атап көрсетті Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
- Біз осымен біздің халықтарымыздың игілігі үшін көпжоспарлы ынтымақтастықты дамытуға деген бірлескен құлшынысты тағы бір мәрте дәлелдедік, - деп атап өтті Владимир Путин баспасөз мәслихатының соңында.