19.10.2006, 17:54 3024

Еурокомиссияның комиссары Қазақстан демократиялық өзгерістерді одан әрі өрістете беруге тиіс деп санайды

АСТАНА. 19-қазан. Kazakhstan Today. 2009-жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымына төраға болуға ниет білдіріп отырған Қазақстан демократиялық өзгерістерді одан әрі өрістете беруге тиіс, деп санайды елімізге ресми сапармен келген Еуропалық комиссияның сыртқы байланыстар және Еуропадағы көршілестік саясат жөніндегі комиссары Бенита Ферреро-Вальднер.

"Мен сіздерді шынайы демократиялық өзгерістерді одан әрі өрістете беруге шақырар едім",- деді Еврокомиссияның комиссары бүгін Астанада парламент сенатының төрағасы Нұртай Ибіқаевпен кездесу барысында. "Осы бағытта конституциялық құқықтық жобалар жасауда ауқымды тәжірибе жинақтаған Еуропалық елдердің көмегіне жүгіну қажет",- деді ол.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымының сарапшылары Қазақстанға ұйымның төрағасы лауазымын иемденуге көмек көрсете алады. "Еуропалық Одақ пен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымы сіздің елдің ұйымға басшылық жасауға дайындалуларыңыз бен шын мәнінде төраға болуларыңыз үшін тәжірибелік көмек көрсетуге өз сарапшыларын жолдай алады",- деді ол.

Бенита Ферреро-Вальднер Еуропалық Одақ елдері Қазақстанның 2009-жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымына төраға болу "мүмкіндігін жоққа шығармайды", өйткені, "бұл тек Қазақстан үшін ғана емес, сонымен бірге, жалпы Орталық Азия аймағы үшін маңызды". "Қазақстан бар болғаны саяси реформалардың шынайы жолына түбегейлі түсуге саяси табандылығы жетеді дегенге Еуропалық Одақ елдерін сендіруге тиіс",- деді комиссар.

Сонымен бірге Бенита Ферреро-Вальднер "Қазақстанның партиялық демократия, БАҚ саласындағы заңнама, жиналу еркіндігі мен сот билігінің тәуелсіздігі тұрғысында кейбір кері кеткен тұстарына" қынжылыс білдірді. "Бұл жерде Сәрсенбаевты өлтіруге қатысты істі сотта қарау және жалпы сотта реттелетін қарым-қатынастарға қатысты оқиғаларды атауға болады",- деді ол.

Осыған байланысты ол БАҚ туралы заң жобасын жасауға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымының сарапшыларын тартуды ұсына отырып, "олардың белгілі дәрежеде тәжірибе жинақтағанын және ойдағыдай базасы бар екенін" атап өтті.

Өз кезегінде сенат төрағасы Нұртай Ибіқаев : "Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымына төраға болуға және Еуропалық Одақпен стратегиялық әріптестікке талпыну арқылы біз демократиялық және саяси реформаларды біртіндеп жүзеге асырып жатырмыз",- деп атап көрсетті.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны