АСТАНА. 22-қаңтар. Kazakhstan Today. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымының экономика және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі комитетін Қазақстанның өкілі басқарады. Бұл туралы бүгін журналистерге арнап өткізілген қысқаша баспасөз мәслихатында ҚР СІМ-нің ресми өкілі Ержан Ашықбаев құлағдар етті,- деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымына мүше елдердің сыртқы істер министрлері кеңесінің 2006-жылдың желтоқсан айында Брюссельде өткен отырысының қорытындысы бойынша ұйым шеңберінде жаңадан үш салалық комитет құрылған: қауіпсіздік жөніндегі; экономика және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі; адами өлшем жөніндегі комитет.
Е.Ашықбаевтың айтуынша, "ұйымға мүше 56 елмен жүргізілген консультациялардан кейін қазір ұйымға төрағалық жасап отырған Испания экономика және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі комитетті басқару өкілеттілігін Қазақстан Республикасының Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымының жанындағы тұрақты өкілі Дулат Қуанышевқа беруді ұйғарды".
Елшінің ақпаратына сәйкес, Қазақстанның төрағалық етуімен экономика және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі комитеттің бірінші мәжілісі 19-қаңтарда өтті. "Отырыс аясында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымының жыл сайынғы 15-ші экономикалық -экологиялық форумының бірінші бөліміне дайындық мәселелері талқыланды",- деді ол.
Е.Ашықбаевтың хабарлауынша, қауіпсіздік жөніндегі комитетті Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымының жанындағы Словакияның тұрақты өкілі, елші П.Лизак, ал адами өлшем жөніндегі комитетті Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымының тұрақты кеңесінің төрағасы - Испанияның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымының жанындағы тұрақты өкілі, елші К де Боадо басқарады.
"Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымының негізгі бір комитетіне төраға болуы біздің еліміздің ұйымдағы позициясының нығая түскенін паш етеді. Бұл оқиға Қазақстан мен Венадан шығысқа қарай орналасқан басқа да елдердің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымы шеңберіндегі процестерге қатысудағы ролін мойындаудың белгісі болды",- деді СІМ өкілі.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті