08.02.2008, 13:15 2664

Франция Қазақстанмен әріптестікке стратегиялық маңыз береді

Франция Қазақстанмен әріптестікке стратегиялық маңыз береді

Астана. 8 ақпан. "Қазақстан Бүгін" - Франция Қазақстанмен әріптестікке стратегиялық маңыз береді. Бұл туралы Франция үкімет басшысы Франсуа Фийон Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Премьер өзінің Қазақстанға сапарының басты мақсаты - өзара ынтымақтастықты тереңдету екенін атап өтті. "Франция президенті Николя Саркози Қазақстанмен арадағы экономикалық ынтымақтастықты екі есе арттыру қажеттігін айтты. Президент бұған қоса Қазақстанмен шынайы стратегиялық әріптестік орнату қажеттігін атап өтті", - деді Франция үкімет басшысы.

"Біз елдің тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған сіздің жұмысыңызға үлкен құрметпен қараймыз", - деді Ф. Фийон Нұрсұлтан Назарбаевқа қаратып айтқан сөзінде.

Өз кезегінде президент Н. Назарбаев та еліміздің Франциямен арадағы ынтымақтастық аясын кеңейтуге талпынып отырғанын атап өтті. "Біз Франциямен арада етене жақын экономикалық және саяси қарым-қатынас орнатқымыз келеді. Өз тарапымыздан біз қажетті қадамдарды жасауға дайынбыз", - деді Н. Назарбаев.

Франция Қазақстанның шетелдік сауда әріптестерінің арасынан Ресей, Италия, Швейцария мен Қытайдан кейін бесінші орынды иемденеді. ҚР Статистика жөніндегі агенттігінің мәліметінше, 2007 жылы Қазақстан мен Франция арасындағы сауда-саттық көлемі $4,68 млрд жетті. Қазақстан негізінен мұнай, металл түрлері, металл өнімдері, химиялық өнімдер мен ауылшаруашылығы тауарларын экспорттайды. Ал Франциядан электр қуаты, электрондық және механикалық жабдықтарды, тұтыным тауарлары мен дәрі-дәрмек импорттайды.

Инвестициялар көлемімен Франция Нидерланды, АҚШ пен Ұлыбританиядан кейінгі төртінші орында. Өткен жылғы қазан айындағы жағдаймен Қазақстан экономикасына жұмсалған француз инвестициясының жалпы көлемі $3,7 млрд құраса, Франция экономикасына Қазақстанның жұмсаған инвестициясы $260 млн асады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны