24.12.2007, 18:54 2713

Грузияда үкіметке қарсы астыртын әрекет әшкереленді - Бас прокурордың орынбасары

Грузияда үкіметке қарсы астыртын әрекет әшкереленді - Бас прокурордың орынбасары

Тбилиси. 24-желтоқсан. "Қазақстан Бүгін" - Грузияның Ішкі істер министрлігі билікті тайдыру және елде жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыру мақсатындағы үкіметке қарсы астыртын әрекеттің жолын кесті. Бұл туралы дүйсенбі күні Грузияның Бас прокуратурасындағы шұғыл брифингте Грузия Бас прокурорының орынбасары Николоз Гварамия мәлімдеді, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

Николоз Гварамия хабарлағандай, Грузия парламентінің депутаты, Грузия президенттігінен үміткер Бадри Патаркацишвилидің сайлау алды штабының жетекшісі Валерий Гелбахиани Грузиядағы президент сайлауынан кейін 6-қаңтар күні іске асыру жоспарланған мемлекеттік төңкеріс ұйымдастыруға күдікті деп танылды. Мемлекеттік төңкеріс ұйымдастыруға күдікті депутат қол сұқпаушылық иммунитетімен қорғалған. Алайда, тергеу талабы бойынша Грузия парламенті иммунитетті жақын арада алып тастауы мүмкін.

Грузия парламентінің қауіпсіздік комитетінде мемлекеттік төңкерістің болмай жатып ашылуына байланысты шұғыл отырыс басталды. Отырысқа Грузия президентінің міндетін атқарушы Нино Бурджанадзе және Грузия премьер-министрі Ладо Гургенидзе қатысуда.

Бас прокурор орынбасарының айтуынша, билікті күшпен тайдыру мақсатындағы астыртын әрекетті дайындау дерегі бойынша алдын-ала тергеу тиісті құрылымдарға Грузия Ішкі істер министрлігінің шұғыл департаментінің бастығы Эрекле Кодуадан рапорт келіп түскен 17-желтоқсаннан басталған. Онда ол Бадри Патаркацишвилидің атынан қызметке тартпақ болған әрекеті туралы хабарлаған.

Бас прокуратура қаулысымен Эрекле Кодуаның Валерий Гелбахианимен одан кейін болған кездесулерін жасырын дыбыс және бейне жазбамен бақылау іске асырылған. Бейнежазбалар Грузия бұқаралаық ақпарат құралдарында таратылған.

Гварамия, жедел ақпараттар негізінде, Патаркацишвилидің жақтастары - депутат В. Гелбахиани мен бұрынғы сот М. Габуния Э. Кодуаны қаңтар айында Грузияның бүкіл аумағында жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыруға көмектесуі және Грузияның қазіргі ішкі істер министрі Вано Мерабишвилиді тұтқындауды жүзеге асыру үшін өз жақтарына тартпақшы болғандығын хабарлады.

Грузия бас прокурорының орынбасары жазбалардан мәлім болғаны төңкерісті ұйымдастырмақ болғандар президент сайлауы барысында билікті оқыс әрекеттерге итермелеуді, Грузияның барлық қалаларында тәртіпсіздіктер ұйымдастыру үшін үлкен көлемдегі ақша жұмсауды және басқарылмайтын үрдістер жүріп кеткеннен кейін билікті басып алуға жоспар жасаған, деп атап көрсетті.

Сонымен бірге, жексенбі күні Англияда жүрген Грузия президенттігінен үміткер Бадри Патаркацишвили британдық Sunday Times басылымына берген сұхбатында Грузия билігі оның көзін құртуды жоспарлап отырғаны туралы хабарлаған. Бадри Патаркацишвили хабарлағандай, оған қастандық ұйымдастыру үшін Грузиядан Лондонға бір топ жалдамалы кісі өлтіргіштер келген.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны