13.01.2010, 14:12 3019

Халықаралық атом энергиясы агенттігінің делегациясы Қазақстандағы ядролық нысандарға инспекция жасайды - ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігі

"Халықаралық атом энергиясы агенттігінің сарапшыларының делегациясы қаңтар- ақпан айларында сапармен келеді деп күтілуде. Бұл - жыл сайынғы сапар, оның мақсаты - жарияланған ядролық нысандарға шолу жасау", - деді И. Мағауов.

Астана. 13 қаңтар. Kazakhstan Today - Халықаралық атом энергиясы агенттігінің делегациясы Қазақстандағы ядролық нысандарға инспекция жасайды. Бұл туралы бүгін мәжілістің жалпы отырысында ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрінің орынбасары Исет Мағауов мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"Халықаралық атом энергиясы агенттігінің сарапшыларының делегациясы қаңтар- ақпан айларында сапармен келеді деп күтілуде. Бұл - жыл сайынғы сапар, оның мақсаты - жарияланған ядролық нысандарға шолу жасау", - деді И. Мағауов.

Оның айтуынша, "Иранға уранның потенциалдық жеткізілуі жайлы мәселе шыққанға дейін, 10 жыл бойына бізге қатысты ешбір қарсылық болған емес".

"Ядролық экспортқа бақылау жасаудың елімізде көп деңгейлі жүйесі бар екенін атап өткім келеді. Уран экспорты лицензия алатын қызмет түріне жатады", - деді вице-министр.

"Біз өзіміз уран сататын елдердің тізімін дайындап, сандарды көрсеттік. Біздің ақпаратымыз ашық, Халықаралық атом энергиясы агенттігінің тарапынан бізге ешбір қарсылық болған жоқ", - деді И. Мағауов.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігі тазартылған уран сату жөнінде Иранмен арадағы келіссөздер туралы ақпаратты жоққа шығаруда. Бұл туралы кеше мәжілісте Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысының қорытындысы бойынша ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрінің орынбасары Исет Мағауов мәлім етті.

"БАҚ-тар таратқан Қазақстан мен Иран арасында сауда-саттық жоспарланып отыр деген ақпарат бойынша ҚР СІМ мен ҚР ЭМРМ бірлесе мәлімдеме дайындады: Қазақстан шарт жасасу жөнінде ешқашан жұмыс жүргізген емес және жоспарлаған да емес", - деп мәлімдеді Исет Мағауов.

"Қазақстандағы экспортты бақылау жүйесі ҚР Индустрия және сауда министрлігі, кедендік бақылау комитеті мен күш құрылымдарын тарта отырып жолға қойылған және заңсыз сатуға еш мүмкіндік жоқ", - деді Исет Мағауов.

Оның айтуынша, Халықаралық атом энергиясы агенттігі "осы тектес мәлімдемелерге түсініктеме берудің қажеті жоқ деп санайды". "Біз Халықаралық атом энергиясы агенттігінде жұмыс істеген және біздің ядролық нысандарда талай рет сараптама жүргізген адамдармен кездестік, және олардың пікірінше, бұл - мүлдем шындыққа жанаспайтын мәлімдеме", - деді ол.

Осы орайда журналистер сауалына жауап берген оның айтуынша, Халықаралық атом энергиясы агенттігі делегациясының Қазақстанға келуінің "осы іспен қатысы жоқ". Оның айтуынша, Халықаралық атом энергиясы агенттігінің делегациясы жыл сайын барлық ядролық нысандарда тексерулер жүргізеді.

Сондай-ақ, ол "Қазақстан Иранды уран сататын нарық ретінде қарастыруды жоспарлап отырған жоқ". ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігі немесе "Қазатомөнеркәсіп" аталған ақпаратты таратушыларды сотқа бере ме деген журналистер сауалына: "біз сотқа шағымданбаймыз", деп жауап берді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Associated Press таратқан ақпаратқа сәйкес, Иран мен Қазақстан Иран Ислам Республикасына 1350 тонна тазартылған уран концентратын $450 млн сатуға шарт жасасқан. Тараптар сауда-саттықты таяудағы апталарда рәсімдеуді жоспарлаған, делінген арнаулы қызметтердің Халықаралық атом энергиясы агенттігіне арнап дайындаған баяндамасында.

Халықаралық атом энергиясы агенттігіндегілердің айтуынша, Тегеранның уран қоры түгесілуге жақын, ал бұл елдің ядролық бағдарламасын аяқтауға кедергі келтіре алады. Баяндаманы дайындаушылардың бағалауынша, 1350 тонна уран кенінен Иран теориялық тұрғыда 150-ге жуық ядролық оқтұмсық дайындай алады.

Ийткенмен арнаулы қызметтер дайындалып жатқан осы сауда-саттықта Қазақстан үкіметінің атқарған рөлін анықтай алмаған. Тек жекелеген шенеуніктердің қатысы бар екендігі ғана айтылуда. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі мен Халықаралық атом энергиясы агенттігі болуы ықтимал сауда-саттық жайлы мәселенің басын ашу үшін Қазақстанмен келіссөздер жүргізе бастады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны