08.09.2006, 14:23 2805

Ядролық қарудан азат аймақ құру халықаралық лаңкестікпен күреске қосқан тиімді үлес болып табылады - ҚР СІМ

СЕМЕЙ. 8-қыркүйек. Kazakhstan Today. Ядролық қарудан азат аймақ құру халықаралық лаңкестікпен күреске қосқан тиімді үлес болып табылады. Бұл туралы ҚР СІМ Қасымжомарт Тоқаев келісімге қол қою рәсімінен кейін мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Ядролық қарудан азат аймақ құру бейбітшілік пен келісімді сақтауға айтарлықтай септігін тигізеді. Біз бұл аймақты құру халықаралық лаңкестікпен күреске қосқан тиімді үлес болып табылатын маңызды қадам дегенге кәміл сенеміз",- деді Қ.Тоқаев құжатқа қол қойған Орталық Азиядағы бес мемлекеттің сыртқы саясат мекемелерінің өкілдері атынан сөйлеген сөзінде.

"Аймақты құру ядролық қаруды таратпау режимін нығайта түседі", деп атап өткен Қ.Тоқаев "осындай келісімнің жобасын жасауға тұңғыш рет атсалысқан БҰҰ-ның роліне" ерекше тоқталды. Сонымен бірге ол келісімге қол қойған тараптардың ядролық қаруы бар елдерге осындай аймақ құру жөнінде қолдау көрсетіп кеңес беруге дайын екенін мәлімдеді.

Бұған қоса Қ.Тоқаев ядролық қарудан азат аймақ құру туралы бірлескен жобаны БҰҰ-ның 61- Бас ассамблеясында таныстыру межеленіп отырғанын хабарлады. "БҰҰ-ына мүше елдерді аталмыш жобаға қолдау көрсетуге шақырамыз",- деді ҚР СІМ.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, бүгін Орталық Азиядағы Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан өкілдері Семейде ядролық қарудан азат аймақ құру туралы келісімге қол қойды.

Келісімге қол қойған мемлекеттер Орталық Азияның аумағында ядролық қару, оның компоненттері немесе басқа да ядролық жарылғыш құрылғыларды өндіру, сатып алу және орналастыруға тыйым салу жөнінде міндеттеме жүктеп алады. Бірақ осы орайда ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалануға тыйым салынбайды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны