27.08.2009, 15:06 3844

Ядролық қарудан бас тартудың ең үздік үлгісін ядролық дерважалардың өздері көрсетулері керек - Нұрсұлтан Назарбаев

Ядролық қарудан бас тартудың ең үздік үлгісін ядролық дерважалардың өздері көрсетулері керек - Нұрсұлтан Назарбаев

Астана. 27 тамыз. Kazakhstan Today - Ядролық қарудан бас тартудың ең үздік үлгісін ядролық дерважалардың өздері көрсетулері керек. Бұл туралы Жапонияның Ниигата қаласында өткен БҰҰ-ның қарусыздану жөніндегі ХХІ конференциясына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдауында айтылған, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстанның мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев кеше, тамыздың 26-сында Жапонияның Ниигата қаласында өткен БҰҰ-ның қарусыздану жөніндегі ХХІ конференциясында баяндама жасады.

Мемлекеттік хатшы жиналған қауымға президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдауын оқып берді. "Жапония мен Қазақстан әлемде ядролық қарудан ең көп зардап шекті. 2009 жылы 29- тамызда Семей сынақ полигонында алғаш кеңестік ядролық сынақтың жасалғанына 60 жыл толады. 40 жыл бойы полигонда 500-дей ядролық сынақ жасалып, солардың салдарынан 1,5 миллионнан астам қазақстандық зардап шекті және еліміздің үлкен аумағына ауыр зиян келтірілді.

1991 жылы тамыздың 29-ында мен Семей полигонын жабу туралы шешім қабылдадым, ал 1,5 жылдан кейін тәуелсіз Қазақстан 1150 оқтұмсықтан тұратын әлемдегі төртінші зымыран-ядролық арсеналынан өз еркімен бас тартты. Осы қадаммен Қазақстан ядролық қарусыз келешекке жол салды, ал біздің еліміздің одан кейінгі даму жолдары, қауіпсіздіктің ең сенімді кепілдігі - қуатты қару емес, басқа елдермен арадағы диалог пен сенімді ынтымақтастық екенін көрсетіп отыр", деп атап көрсетілген Қазақстан президентінің жолдауында.

Елбасы өз жолдауында сондай-ақ, Қазақстанның үлгісі әсіресе бүгін, әлемге ядролық қарудың таралу қаупі төніп тұрған және халықаралық лаңкестік ұйымдардың оларды қолдану қаупі өршіп тұрған кезде, аса өзекті екенін атап көрсеткен.

"Жақында біз Біріккен Ұлттар Ұйымына 29-шы тамызды Бүкіләлемдік халықты жаппай қырып жоятын қарудан бас тарту күні деп жариялау туралы ұсыныс енгіздік және бұл ұсыныстың халықаралық қауымдастықтың қолдауына ие болып отырғанына қуаныштымыз. Бүгінде ядролық қарусызданудың ең үздік үлгісін ядролық дерважалардың өздері көрсетулері керек. Сондықтан да біз өз ядролық қаруларын әрі қарай қысқарту жөніндегі АҚШ пен Ресей президенттерінің ниеттерін қолдаймыз",- делінген Қазақстан президентінің мәлімдемесінде.

Қазақстан президентінің жолдауын оқып бергеннен кейін, мемлекет хатшысы Қанат Саудабаев әлемдегі ядролық қару-жарақты таратпау және қырып-жоятын қару-жарақтарды қысқарту мәселесіне қатысты Қазақстан Республикасының ұстанымын жария етті.

Конференция аясында Қанат Саудабаев Ядролық қаруды таратпау және қысқарту мәселелері жөніндегі халықаралық комиссияның тең төрағалары, Жапония мен Австралияның бұрынғы сыртқы істер министрлері Й.Кавагучимен және Г.Эванспен, АҚШ президентінің ядролық қаруды таратпау мәселесі жөніндегі өкілі С.Беркпен, БҰҰ-ның қарусыздану мәселелерімен айналысатын құрылымдық бөлімдерінің басшыларымен кездесулер өткізді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны