23.08.2012, 18:51 2669

Ядролық қарусыздандыру жөніндегі халықаралық конференцияны өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің отырысы - баспасөз баяны

Ұйымдастыру комитетінің мүшелері үш сессия бойынша талқыланатын конференцияның күн тәртібіне ерекше назар аударды.

Астана. 23-тамыз. Мәжіліс үйі. 27-29 тамыз күндері бүкіл әлем қауымдастығы Қазақстанға көз тігетін болады. Осы күндері біздің елімізде "Ядролық сынақтарға тыйым салудан, ядролық қарусыз әлемге" атты халықаралық конференция өтеді. Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен ұйымдастыру комитетінің отырысы өтіп, жоғары деңгейдегі жиынға дайындық барысы талқыланды.

Ұйымдастыру комитетінің мүшелері үш сессия бойынша талқыланатын конференцияның күн тәртібіне ерекше назар аударды. Сонымен бірге, бұрынғы Семей полигонына, сондай-ақ, заманауи ғылыми зерттеу орталықтарына бару жоспарланған Курчатов және Семей қалаларының конференцияға қатысушыларды күтіп алуға дайындық жағдайлары қаралды. Құрамында белгілі саясаткерлер, сарапшылар, депутаттар, үкіметтік емес ұйым өкілдері, ядролық қауіпсіздік саласының білікті мамандары бар 75-тен астам елден жиналған, 200-ге жуық шетелдік қонақтар ядролық қауіп-қатерді жою мәселелерін талқылайтын болады.

Делегацияның алғашқы легі Астанаға дүйсенбі күні келеді. Бүгін ұйымдастыру комитетінің мүшелері қонақтарды қарсы алуға толық дайын екендіктерін мәлімдеді.

Конференцияның ұйымдастырушылары алдағы форумның ғаламдық қауіпсіздікті нығайтудағы маңызды қадам болатынына сенім білдірді.

"Алдағы конференция дүниежүзі елдері үшін өте маңызды деуге болады. Сол үшін, осы жиынға 75-тен астам елден танымал депутаттар, саясаткерлер, сарапшылар, әртүрлі ұйым басшылары қатысайын деп отыр. Бұл ең алдымен, Елбасымыз Нұрсұлтан Ибішұлы Назарбаевтың ядролық қауіпсіздікке байланысты ерен еңбектерінің жемісі. Сондықтан, бұл форум басталған жұмыстардың одан әрі жалғасуына, жаңа қадамдар жасауға зор ықпал ететіні сөзсіз", - деді Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны