20.05.2010, 10:35 2233

Қазақстан 20-мамырдан бастап Қазақстан -Қырғызстан мемлекеттік шекарасындағы бірқатар өткізу бекеттеріндегі шектеулерді алады - СІМ

"Алайда, Қырғызстандағы күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескере және бізге достас ел азаматтарының көптеген өтініштерін назарға ала отырып, Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев ағымдағы жылғы 20-мамырдан бастап Қазақстан-Қырғызстан мемлекеттік шекарасындағы: "Қордай", "Сыпатай батыр", "Айша Бибі" өткізу бекеттеріндегі уақытша шектеулерді алып тастау жөнінде шешім қабылдады",- деп хабарлайды ҚР СІМ.

Астана. 20 мамыр. Kazakhstan Today - Қазақстан 20-мамырдан бастап Қазақстан -Қырғызстан мемлекеттік шекарасындағы бірқатар өткізу бекеттеріндегі шектеулерді алады. Бұл туралы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі кеше таратқан мәлімдемеде айтылған, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Мәлімдемеде атап көрсетілгендей, "өкінішке орай, Қырғыз Республикасындағы ахуал толықтай реттелу мен тұрақтылықтан алшақ қалып отыр. Қазақстан Республикасының аумағына атыс қаруын, есірткі және басқа да тыйым салынған заттарды заңсыз алып өту деректері көрініс беруде".

"Алайда, Қырғызстандағы күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескере және бізге достас ел азаматтарының көптеген өтініштерін назарға ала отырып, Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев ағымдағы жылғы 20-мамырдан бастап Қазақстан-Қырғызстан мемлекеттік шекарасындағы: "Қордай", "Сыпатай батыр", "Айша Бибі" өткізу бекеттеріндегі уақытша шектеулерді алып тастау жөнінде шешім қабылдады",- деп хабарлайды ҚР СІМ.

"Қазақстанда туысқан Қырғызстан халқымен өзара құрмет пен тату көршілікке, көпғасырлық достық дәстүрлеріне, тілдік және мәдени жақындастыққа негізделіп қалыптасқан қарым-қатынастардың деңгейін жоғары бағалайды",- делінген мәлімдемеде.

Мәлімдемеде атап көрсетілгендей, "Қырғыз Республикасындағы осы жылдың сәуіріндегі қайғылы оқиғалардың алғашқы күнінен бастап Қазақстан туысқан халыққа екіжақты негізде де, ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы ретінде де көмек пен қолдау көрсетуде. Гуманитарлық көмек көрсетілді, халықаралық жүк және жолаушылар тасымалы, білім алып жатқан оқушылар мен студенттердің барып-келуі үзілген жоқ".

"Соған қарамастан, көрші мемлекеттегі тұрақтылықты, заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз етудегі елеулі проблемалар Қазақстан Республикасындағы қауіпсіздік пен қылмыстық ахуалға да едәуір теріс ықпал етуде. Осының бәрі ел басшылығын үстіміздегі жылғы сәуірдің 6-сынан бастап Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасында уақытша шектеулер енгізуге мәжбүр етті",- делінген құжатта.

"Өткізу бекеттері мемлекеттік шекара арқылы транзиттік халықаралық көлік, жүк және жолаушылар тасымалын, жеке тұлғаларды, азық-түлік өнімдерін, дәрігерлік препараттарды, жанар-жағармай материалдарын, ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізуді қамтамасыз ететін болады",- деп хабарлайды сыртқы саяси мекеме.

"Сонымен бірге, ықтимал қауіп пен қатерлерді дер кезінде бейтараптандыруды қамтамасыз ету мақсатында шекаралық, кедендік және көші-қон бақылауы күшейтілетін болады. Біз Қырғызстанның уақытша үкіметін жағдайды тездетіп тұрақтандыруға, заңның үстемдігін қалпына келтіруге және ел халқының көкейкесті проблемаларын шешуге шақырамыз",- деп мәлімдеді ҚР СІМ.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны