31.07.2006, 17:01 6565

Қазақстан БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесін Ливандағы ахуалға қатысты біріккен резолюция қабылдауға шақырады - ҚР СІМ

АСТАНА. 31-шілде. Kazakhstan Today. Қазақстан БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесін Ливандағы ахуалдың шиеленісе түсуіне қатысты біріккен резолюция қабылдауға шақырады. Бұл жөнінде ҚР СІМ-нің өкілі Астанада өткен қысқаша баспасөз мәслихатында мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Қазақстан өзара бітімге келе алмай отырған жақтарды тез арада атысты тоқтатуға шақыра отырып, БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі Ливандағы ахуалға қатысты біріккен резолюция қабылдауға тиіс деп санайды",- деді бүгін өткен баспасөз мәслихатында ҚР СІМ-нің баспасөз хатшысы Ілияс Омаров.

"Қазақстан Ливан үкіметі мен халқына Израиль қарулы күштерінің Кафр-Кана елдімекеніне әуеден соққы беруі салдарынан бейбіт тұрғындардың өлім құшуына байланысты көңіл айтады",- деді СІМ өкілі.

"Біз шиеленістің одан әрі ушыға түсуі салдарынан Ливан, Палестина және Израиль елдерінің бейбіт тұрғындарының тақсірет тартуына айрықша өкініш білдіреміз. Қазақстанның пайымдауынша, әскери әрекеттер бейбіт тұрғындардың құрбан болуы мен әлеуметтік инфрақұрылымның қирауына, сондай-ақ, гуманитарлық дағдарысқа душар етуге тиіс емес",- деді І.Омаров.

"Израиль тарапынан әуе шабуылдарын 48 сағатқа тоқтату жөніндегі шешім қабылдау аймақтағы қақтығысты доғаруға жасалған алғашқы қадам болуға тиіс",- деді СІМ өкілі.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны