26.03.2007, 16:12 4026

Қазақстан БҰҰ-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес конвенциясын бекітуге дайындалуда - қаржы полициясы

АЛМАТЫ. 26-наурыз. Kazakhstan Today. Қазақстан БҰҰ-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес конвенциясын бекітуге дайындалуда. Бұл туралы бүгін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымының "Сыбайлас жемқорлықтың қылмыстық сипатқа көшуі" атты семинарының ашылуында ҚР экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің құқықтық қамтамасыздық және халықаралық ынтымақтастық департаментінің халықаралық ынтымақтастық бөлімінің бастығы Шыңғыс Қабдулла мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Қазір біз БҰҰ-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес конвенциясына бірігу және оны бекіту жөніндегі заң жобасы бойынша барлық мемлекеттік мекемелермен келістік",- деді Ш.Қабдулла. Оның айтуынша, бүгінде Қазақстан заңнамасының аталмыш конвенция нормаларына сәйкестігі жұмыс бабында зерделенуде.

"Таяу уақыттарда Қазақстанды БҰҰ-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес конвенциясына біріктіру мәселесі сыртқы істер министрлігінің жанындағы сарапшылар кеңесінің кезекті мәжілісінің қарауына ұсынылады",- деді Ш.Қабдулла.

Өз кезегінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымының Алматыдағы орталығының жетекшісі Ивар Викки Қазақстанның халықаралық құжатқа бірігуге деген талпынысын құптады.

"Сыбайлас жемқорлық демократиялық тұрақтылық жолындағы нақты кедергі болып табылады және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымына мүше барлық елдерде ұлттық және трансұлттық деңгейде шара қолдануды талап етеді",- деді ол.

БҰҰ-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес конвенциясы 2003-жылдың 9-желтоқсанында Мексиканың Мерид қаласында қол қоюға дайын болған. 2007-жылдың қаңтар айындағы жағдаймен құжатқа 140 ел қол қойып, 81 мемлекет бекіткен. Конвенцияда сыбайлас жемқорлық қылмыстарының 28 түрі айқындалған. Бұлардың басым бөлігі ҚР Қылмыстық кодексінде жоқ. Сол себепті бұл баптар ҚР Қылмыстық кодексіне тура көшірілу мүмкіндігі де бар.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны