21.09.2009, 16:02 3541

Қазақстан делегациясы БҰҰ Бас Ассамблеясы 64- сессиясының жоғары деңгейдегі отырысына қатысады

Қазақстан делегациясы БҰҰ Бас Ассамблеясы 64- сессиясының жоғары деңгейдегі отырысына қатысады

Астана. 21 қыркүйек. Kazakhstan Today - Нью-Йорктегі БҰҰ штаб пәтерінде 22-27 қыркүйекте Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы-сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев бастаған делегация БҰҰ Бас Ассамблеясы 64- сессиясының жоғары деңгейдегі отырысына қатысады. Бұл Қазақстанның БҰҰ форумдарындағы 18- ші қатысуы болып табылады. Бұл туралы бүгін журналистерге арнап өткізілген қысқаша баспасөз мәслихатында ҚР СІМ-нің ресми өкілі Ержан Ашықбаев құлағдар етті,- деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"Аталмыш сессияның негізгі тақырыбы "Бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы тиімді әрекет ету: бейбітшілік, қауіпсіздік және әлемдік дамудағы көпжақтылықты және өркениетаралық үнқатысуды нығайту" деп аталады. Негізгі мәселелер ретінде кедейшілікпен күрес, адам құқығы, климат өзгерісі және БҰҰ реформасы қарастырылмақ",- деді Е.Ашықбаев.

Оның айтуынша, Бас Ассамблеяның жұмысы барысында 22 қыркүйекте Бас хатшы Пан Ги Мунның төрағалығымен өтетін климаттың өзгеруі және 24 қыркүйекте АҚШ президенті Б. Обаманың төрағалығымен қарусыздану және жаппай қырып жою қаруын таратпау жөніндегі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі жоғары деңгейдегі отырысы өтеді деп күтілуде.

Е.Ашықбаевтың хабарлауынша, БҰҰ Бас Ассамблеясы жұмысы шеңберінде қазақстандық делегация басшысы жалпы пікірталастарда баяндама жасап, соныме бірге Ядролық сынақтан жаппай бас тарту жөніндегі келісім-шарттың күшіне енуі жөніндегі конференция мен Ислам конференциясы ұйымына мүше елдері Сыртқы істер министрлерінің жыл сайынғы үйлестірушілік кездесуіне қатысады деп күтілуде.

Бұған қоса Қ.Саудабаев "Азық - түлік қауіпсіздігі мақсатындағы серіктестік" тақырыбындағы кездесуге, ҰҚШҰ Сыртқы істер министрлері кездесуіне және Орталық Азия, Балтық және Скандинавия елдері форматындағы сыртқы істер ведомстволары басшылары кездеуіне қатысады деп жоспарлануда.

"Форум аясында сыртқы істер ведомствосы басшысы шетелдік әріптестерімен, БҰҰ және оның құрылымдық бөлімше басшыларымен отыздан астам кездеспек.

25 қыркүйекте Бас Ассамблея төрағаларының бірі ретінде Мемлекеттік хатшы-Сыртқы істер министрі Қ. Саудабаев БҰҰ Бас ассамблеясының 64-сессиясының жалпы пікірталастарына төрағалық ететін болады",- деді ресми өкіл.

ҚР СІМ ақпаратына сәйкес, ағымдағы 2009 жылы Қазақстан БҰҰның Тұрақты даму комиссиясы мен ЮНИСЕФ-тің атқарушы кеңесі мүшелігіне өтті. Сонымен қатар, Қазақстан ЭКОСОС-тың, БҰҰ-ның Халықты қоныстандыру мен дамыту, Есірткі жөніндегі комиссиялары және Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы Басқару кеңесінің (ЮНЕП) мүшесі болып табылады.

Бүгінгі күні Қазақстан Республикасы Үкіметі мен БҰҰ арасындағы ынтымақтастық БҰҰның 2005-2009 жылдарға арналған даму мақсатында көмек көрсету жөніндегі шеңберлік бағдарлама (ЮНДАФ) аясында жүзеге асуда.

"Бұл бағдарлама кедейлерді қорғау, өмір сүру сапасын жақсарту, демократиялық басқаруға қолайлы жағдайлар туғызу мәселелеріне басымдықтар береді.

Келесі жылдан бастап аталған бағдарламаның 2010-2015 жылдарға арналған жобасы жұмысын бастап, бағдарлама шеңберінде жұмыссыздықты, ана және нәресте өлімін азайту, ВИЧ/СПИД және туберкулез ауруларының алдын алу мәселелеріне назар аударылатын болады. Тағы бір басымдықтар ретінде бағдарлама бұрынғы Семей ядролық сынақ алаңы және Арал теңізі аймақтары, су ресурстарын тиімді пайдалану және жердің құрғап шөл далаға айналу мәселерін қарастыратын болады",- деді Е.Ашықбаев.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны