21.05.2009, 12:21 1327

Қазақстан ЕҚЫҰ қызметінің біртіндеп трансформациялануын қолдайды - Тоқаев

Қазақстан ЕҚЫҰ қызметінің біртіндеп трансформациялануын қолдайды - Тоқаев

Астана. 21 мамыр. "Қазақстан Бүгін"- Қазақстан ЕҚЫҰ қызметінің біртіндеп трансформациялануын қолдайды. Бұл туралы бүгін парламент мәжілісінде "Қазіргі Қазақстан және "Еуропаға жол" атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

"Біз барлық қатысушы елдердің мүдделері мен ұстанымдарына дәлме-дәл сәйкестендіре отырып ЕҚЫҰ қызметінің біртіндеп трансформациялануын қолдаймыз", - деді Қ. Тоқаев.

"Біздің еліміз алдағы өзінің ЕҚЫҰ-ға төрағалығын осы ұйымға мүше елдердің кең көлемді мәселелер бойынша ықпалдастығына жаңа тыныс беретін тың мүмкіндік деп санайды", - деді сенат спикері.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, бүгін Астанада Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінде "Қазіргі Қазақстан және "Еуропаға жол" атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтуде.

Конференция "Еуропаға жол" мемлекеттік бағдарламасының мақсаты мен міндеттерін жүзеге асыру шеңберінде әзірленіп отыр. "Еуропаға жол" мемлекеттік бағдарламасы Қазақстанның еуропалық көшбасшы елдермен стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілуін көздейді.

Конференция қазіргі Қазақстанның қоғамдық-саяси құрылысы саласындағы бүгінгі жетістіктері, демократияның дамуы және 2010 жылы Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі арқылы Қазақстанның келешегімен халықаралық қауымдастық өкілдерін таныстыру мақсатын көздейді.

Конференция барысында пленарлық және төрт секциялық отырыстар өтеді деп жоспарлануда. Секциялық отырыстар "Қазақстан Республикасының президенті Н.Назарбаевтың бейбітшілік және интеграциялық бастамалары", "Еуропаға жол" - Қазақстанның күн тәртібінде", "Саяси өзгеріс тәжірибесінің қазақстандық үлгісі", "Қазақстанның дінаралық және ұлтаралық келісім үлгісі: ЕҚЫҰ-ға тәжірибе" деген тақырыптар бойынша өтеді.

Конференция аясында фотосуреттер көрмесі ұйымдастырылады. Онда тәуелсіз Қазақстанның қол жеткізген жетістіктері көрініс табады.

Конференция жұмысына Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ), Еуропалық Кеңестің парламенттік ассамблеяларының (ЕКПА), ТМД Парламентаралық ассамблеясының өкілдері, Литва, Австрия, Грекия, Чехия, Франция, Қырғыз Республикасы, Ресей, Түркия парламенттерінің белгілі депутаттары мен саяси фракцияларының жетекшілері, сондай-ақ Германия, Ресей және АҚШ елдерінің танымал сарапшылар институтының өкілдері қатысатыны жоспарланып отыр.

Қазақстан тарапынан палата төрағалары Орал Мұхамеджанов, Қасым-Жомарт Тоқаев, мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев, ҚР парламентінің депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың, дипломатиялық корпустың, сараптама қоғамдастығы мен азаматтық қоғамның өкілдері қатысуда.

Пленарлық отырыста ЕКПА-ның вице-президенті, Бельгия сенатының депутаты, "Қазақстан-Бельгия" парламенттік достық тобының мүшесі Пол Вилле, Литва Республикасы сеймі төрағасының халықаралық мәселелер жөніндегі орынбасары Альгис Кашета, Францияның Ұлттық Ассамблеясының депутаты, ЕҚЫҰ ПА-дағы Францияның Ұлттық Ассамблеясы делегациясының жетекшісі Мишель Вуазен, Грекия Республикасы сарламентінің депутаты, "Грекия-Қазақстан" ынтымақтастық тобының жетекшісі Дитриос Христофилоянис, Ресей Федерациясынан ТМД ПАА Кеңесінің бас хатшысы Михаил Кротов, АҚШ Конгресінің бұрынғы депутаты, "Жаңа демократия институтының" жетекшісі Лоуренс Де Нардис сөз сөйлейді деп күтілуде.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны