АСТАНА. 16-мамыр. Kazakhstan Today. Қазақстан мәжіліс депутаттарын сайлаудың пропорционалдық жүйесіне көшпек. Бүгін парламент палаталарының бірлескен отырысында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияға енгізілетін түзетулерді таныстыру барысында осындай ұсыныс жасады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.
"Демократияландыру жөніндегі мемлекеттік комиссия депутаттардың жартысын мажоритарлық, ал қалған жартысын пропорционал жүйе бойынша сайлауды ұсынған. Ал біз одан әрі алға жылжуымыз қажет",- деді президент. "Халықаралық тәжірибені мұқият зерттей келе біз мәжіліс депутаттарын толықтай пропорционал сайлау жүйесі бойынша сайлауға көшуді ұсынамыз. Бұл біздің айрықша ерекшеліктерімізді ескере отырып, репрезантативтілікті қамтамасыз етеді",- деді мемлекет басшысы.
"Сайлау жүйесіндегі бұл реформа саяси партияларға еліміздің саяси жүйесіндегі өз жұмысын жақсартуға қосымша мүмкіндік беріп, саяси күштердің арасында нақты ара салмақтың қалыптасуы мен халықтың шынайы ерік-жігерін паш ететін болады",- деп санайды президент.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті