08.02.2008, 13:32 3093

Қазақстан мен Франция үкімет басшылары екі жақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Қазақстан мен Франция үкімет басшылары екі жақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Астана. 8 ақпан. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстан мен Франция үкімет басшылары Кәрім Мәсімов пен Франсуа Фийон екі жақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

"Біз Қазақстан мен Франция арасындағы, Еуропалық Одақ пен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастыққа қатысты кең көлемді мәселелер топтамасын талқыладық. Екі ел президенттерінің кездесуі кезінде екі ел үкіметтеріне нақты тапсырмалар берген, қазір бұлар жүзеге асты", - деді Қазақстан үкімет басшысы Кәрім Мәсімов.

Ол "осыдан екі күн бұрын Қазақстан президентінің үкіметтің алдына "Еуропаға апаратын жол" атты бағдарламаны жасау міндетін қойғанын" еске салды. "Бұл бағдарлама қазірден-ақ орындала бастады, осында, міне, Франция үкімет басшысы мен оның әріптестері Еуропаның атынан келіп отыр", - деді ол.

Кәрім Мәсімов тараптардың "Франция жылдың екінші жартысында Еуропалық Одаққа, ал Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ- ына төрағалық жасайтындығына байланысты бірқатар халықаралық мәселелерді де талқылағанын" айтты. "Францияға біз аталған ұйымға төрағалық жасау мәселесі бойынша қолдау көрсеткені үшін ризашылығымызды білдіреміз",- деді ол.

"Экономика саласында біз Франция мен Қазақстан үшін маңызды бірқатар мәселелерді талқыладық. Энергетика саласындағы ынтымақтастық, Еуропаға, соның ішінде Францияға көмірсутегін кепілді сату мәселелерін талқыладық. Транспорт, атап айтсақ, темір жол, атом энергетикасы, қорғаныс өнеркәсібі салаларындағы ынтымақтастық, туризм және спорт, білім және мәдени даму салаларындағы нақты ынтымақтастық бағыттары айқындала бастады",- деді Кәрім Мәсімов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны