06.03.2007, 15:20 3389

Қазақстан мен Грузия арасындағы тауар айналымы 2007-жылы екі есеге артуы мүмкін - Саакашвили

АСТАНА. 6-наурыз. Kazakhstan Today. Қазақстан мен Грузия арасындағы тауар айналымы 2007-жылы екі есеге артуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Грузия президенті Михаил Саакашвили Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуден кейін атап өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Біз өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымының екі есе өскені, ал биыл бұл көрсеткіштің үш еселенуі тиіс екені жайында сөз қозғадық. Өйткені, өсім перспективалары байқалып отыр",- деді Грузия президенті Астанада Қазақстан мемлекет басшысымен бірге өткізген баспасөз мәслихатында.

М.Саакашвилидің айтуынша, "биыл Грузияда Қазақстан капиталының қатысуымен мейманхана кешендерін салу жұмыстары кең көлемде қолға алынуда". "Біз Грузия үшін қиын-қыстау уақытта алғашқы инвестициялардың Қазақстаннан басталғаны үшін біз Қазақстанға ризамыз. Қазақстан бірінші болып бізге сенім артты, қазір осы елден миллиардтаған инвестициялар ағылуда",- деп атап көрсетті Грузия лидері.

Н.Назарбаев та екі ел арасындағы сауда-саттық саласындағы байланыстардың қарқындана түскенін атап өтті. "Қазақстан мен Грузия арасындағы сауда-саттық қарқынды дамып келеді. Тек былтыр ол 90 процентті құрады",- деді ел президенті. "Бұрын-соңды бұлай болмаған", деді ол.

Қазақстан президентінің айтуынша, екі ел арасындағы басты ынтымақтастық салалары - мұнайгаз және энергетикалық кешен салалары болмақ. "Қазақстан бұған қоса астық терминалын салуға да қызығушылық танытып отыр. Біз сонымен бірге Грузиядан Батыс Қазақстан өңіріне үлкен көлемде жеміс-жидек пен көкөністердің жеткізілуін қалаймыз",- деді президент.

"Менің білуімше, Қазақстан компаниялары Грузияға былтыр 300 млн доллар көлемінде капитал салды",- деді Н.Назарбаев.

Қазақстаннның кеден мекемелерінің мәліметіне сәйкес, Қазақстан мен Грузия арасындағы тауар айналымы 2006-жылы 45,7 млн АҚШ долларын құраған. Ал ауылшаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, 2003-2006-жылдары Грузия 220,6 мың тонна Қазақстан астығын, 9,8 мың тонна ұн, соның ішінде 2006-жылы 85,3 мың тонна астық пен 4,5 мың тонна ұн импорттады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны