31.10.2006, 10:32 6351

Қазақстан мен Израиль арасындағы ынтымақтастық дами түсуде

АСТАНА. 31-қазан. Kazakhstan Today. Дүйсенбіде Иерусалимде еліміз үкімет басшысының орынбасары Кәрім Мәсімов Израиль үкімет басшысы Эхуд Ольмертпен кездесті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісіне республика үкіметінен.

"Қазіргі заманғы дамып келе жатқан Қазақстан экономикалық даму мәселесінде де, ұлтаралық келісім мәселесі бойынша да барша мұсылман елдерге таңғажайып үлгі көрсетуде",- деді Израиль үкімет басшысы. Ол Израильдің Қазақстанмен екі жақты қарым-қатынасты дамытуға "айрықша мүдделі" екенін жеткізді.

Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өту мәселесін талқылау барысында Э.Ольмерт өз елінің "бұл бағыттағы Қазақстанның талпыныстарын қолдайтынын" атап өтті. "Біз бұл мақсатқа жетуге сіздің елге қолдау көрсететін боламыз",- деп сендірді ол.

"Біздің елдердің осындай даму деңгейіне жетуінің арқасында өзара инвестициялар салу туралы келіссөздер жүргізу және ең бастысы, оны іске асыру мүмкіндігіне ие болғанымыз қуантады",- деді Э.Ольмерт.

Тараптар екі жақты қарым-қатынастың қарқынды өсіп келе жатқанына тоқталды. Оған дәлел ретінде "Ұлттық инновациялық қор" АҚ мен Vertex Venture Capital басқарушы компаниясы арасында Ұлттық инновациялық қор тарапынан Израильдің Vertex III Fund L.P. венчурлық қорына инвестиция салу жөніндегі келісімге қол қойылды. Венчурлық қорға Қазақстан тарапынан салынатын инвестиция көлемі 5 млн. долларды құрайды, ал қордың жалпы капиталы 150 млн. долларды құрайды.

ҚР СІМ-нің ақпаратына сәйкес, Израиль кәсіпкерлері Қазақстан экономикасына 270 млн. доллардан астам инвестиция жұмсады. Израиль бизнесі негізінен мұнайгаз, тау-кен, металлургия, кабельдік өнім өндіру, коммуналдық қызмет салаларында жұмыс істейді.

Қазақстан мен Израиль арасындағы тауар айналымы 2005-жылы 724 млн. долларды, ал ағымдағы жылдың 8 айында 506 млн. долларды құрады. Бұл ретте Қазақстанның оң сальдосы артық түскен.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны