27.09.2011, 12:25 3269

Қазақстан мен Қытай 2015 жылға қарай арадағы сауда айналымын екі есеге өсіруді жоспарлап отыр

Қытайлық әріптесімен болған кездесу нәтижелі өтті.

Астана. 27-қыркүйек. Kazakhstan Today - Бүгін Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми Қытай Халық Республикасы Бүкілқытайлық халық өкілдері құрылтайы Тұрақты комитетінің төрағасы У Бангомен кездесті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

ҚазАқпарат агенттігінің хабарлауынша, жүздесуден соң спикерлер журналистермен брифинг өткізді. Онда Қ.Мәми мәртебелі мейманның сапары өте тығыз әрі маңызды болғандығын атап өтті. "Біз қазір ғана Сенатта екіжақты жоғары деңгейдегі кездесу өткіздік. Оған дейін У Банго мырза Алматыда жергілікті билік өкілдерімен жүздесті. Сондай-ақ кеше ол Мәжілісте жоғары деңгейде кездесу өткізді. Бүгін түстен кейін У Банго Қазақстан мен Қытайдың іскер топ өкілдері арасындағы бизнес форумға қатысады. Ал ертең Қытай делегациясының басшылығы Елбасының қабылдауында болады", деді Сенат Төрағасы.

Оның айтуынша, қытайлық әріптесімен болған кездесу нәтижелі өтті. Екі елдің заң шығарушы органдары арасында ынтымақтастықты нығайту бағытындағы уағдаластықтарға қол жеткізілді. "Мұндай кездесулер заң шығару тәжірибесінде өзара тәжірибе алмасуға, екіжақты қолға алынған шараларды уақытында жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Қазақстан мен Қытай ежелден келе жатқан көршілер. Қазіргі таңда екі ел арасында достық және өзара тиімді байланыстар стратегиялық деңгейге дейін көтерілді. Қытай Қазақстанның сыртқы экономикасындағы басты серіктестерінің бірі. Өткен жылы екіжақты сауда айналымы 20 миллиардтан асса, 2015 жылға дейін бұл көрсеткішті 40 миллиард долларға жеткізу жоспарланып отыр. Бұған қажетті мүмкіндіктердің бар",-деді ол.

Өз кезегінде Қытай өкілі Сенат Төрағасымен тиімді келіссөздер жүргізілгендігін атап өтті. "Жүздесу барысында біз көптеген мәселелер бойынша келісім жасадық. Мен Қ.Мәми мырзаның айтқандарымен толық келісемін. Сонымен қатар тағы бірнеше мәселе туралы айтып өткім келеді. Қытай елі Қазақстанның 20 жылдық тарихында қол жеткізген жетістіктеріне шын жүректен қуанышты. Біз бүгінгі кездесуде екі елдің заң шығарушы органдары арасындай байланыстардың жайын да сөз еттік. Парламентаралық байланыс мемлекетаралық қарым-қатынастарды жетілдірудегі маңызды бағыттардың бірі. Ал біздің парламентаралық байланыстарымыз өте жақсы деңгейде. Біз ынтымақтастықтың одан әрі тереңдей түсуіне мүдделіміз",-деді У.Банго мырза.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны