09.12.2009, 16:33 2979

Қазақстан мен Қытай бірлескен фармацевтикалық зауыт салмақшы

Қазақстан мен Қытай бірлескен фармацевтикалық зауыт салмақшы

Астана. 9 желтоқсан. Kazakhstan Today - Қазақстан мен Қытай бірлескен фармацевтикалық зауыт салмақшы. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында Қазақстандағы ҚХР елшісі Чэн Гопин мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"Ху Цзиньтао мырза Қазақстанда небәрі 20 сағат қана болатытына қарамай, сапар бағдарламасы аса қызу. Екі мемлекет басшысыынң келіссөздері барысында экономиканың шикізаттан басқа саласындағы ынтымақтастыққа баса назар аударылатын болады", - деді Чэн Гопин.

"Біздің елімізде ауылшаруашылығы, фармацевтика, жел энергиясы мен қаржы саласындағы ықпалдастықтың аса үлкен әлеуеті бар екенін ерекше атап өткім келеді", - деді елші.

"Мәселен, уәкілетті органдар бірлескен фармацевтикалық зауыт, бетон мен цемент өндіретін зауыт ашу жөнінде келісуде", - деді ол.

Елші келесі жылы Қазақстан мен қытайдың өзара қарым-қатынасында "шикізаттан басқа салада айтарлықтай серпін болады" дегенге сенім білдірді. "Қытайда екі елдің ынтымақтастығын бекіте түсуге жіті көңіл бөліп отырған кәсіпорындар көбейді. Қытайдың жеке меншік компаниялары арасынан Қазақстан экономикасына инвестиция жұмсап жатқандар көп", - деді Чэн Гопин.

Елшінің хабарлауынша, Ху Цзиньтаоның Қазақстанға жұмыс сапары барысында бірқатар құжаттарға қол қою жоспарлануда. "Құжаттарға қол қоюға қажетті мәселелердің егжей-тегжейі толықтыру сатысында жүр, бірақ, меніңше, бес немесе алты құжатқа қол қойылады. Бұдан былай біздің ынтымақтастығымыз тек энергетикалық саламен ғана шектеліп қалмайды", - деді елші.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 12 желтоқсанда Қытай Халық Республикасының төрағасы Ху Цзиньтаоның Қазақстанға жұмыс сапары жоспарланып отыр. Сапар барысында ҚР президенті Н.Назарбаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтао "Қазақстан-Қытай" газ құбырының бірінші желісін ашу салтанатына және екінші желісінің балқытып біріктіру жұмысының аяқталуына қатысады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны