18.10.2007, 18:53 3111

Қазақстан мен Қытай көлік саласында ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан мен Қытай көлік саласында ынтымақтастықты нығайтуда.

Астана. 18 қазан. "Қазақстан Бүгін" - 2007 жылдың 16-17 қазанында Астана қаласында Ынтықмақтастық жөніндегі Қазақстан-Қытай комитетінің көлік саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Қытай кіші комитетінің үшінші отырысы болып өтті. Екіжақты кездесу барысында автомобиль көлігі, автомобиль жолдары және азаматтық авиация салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері қозғалды, деп хабарладйы ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметі.

Отырыс ҚР көлік және коммуникация вице-министрі Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен өтті. Ал, Қытай делегациясын ҚХР коммуникация министрінің орынбасары Фэнь Чжэнлинь бастап келді.

Келіссөз барысында екі ел арасында халықаралық жүк тасымалын жүзеге асыру кезінде ортақ стандарттарды енгізу, халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыру үшін қосымша рұқсатнама қағаздарымен алмасу, "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" дәлізі бойынша автомобиль жолдарын салуда ынтымақтасу және жаңа әуе бағыттарын ашу мәселелері қаралды.

Екіжақты кездесудің қорытындысы бойынша хаттамаға қол қойылды. Онда күн тәртібіне қойылған мәселелерді одан әрі жүзеге асыру туралы екі жақтың келісімдері көрсетілген.

Отырыс кезінде екі ел делегациясының өкілдері кіші комитет шеңберінде ынтымақтастық дамуының жақсы деңгейде жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді.

Қазіргі таңда екі мемлекеттің алдында жүк және жолаушы тасымалы үшін жаңа бағдарғыларды ашу қажеттілігі тұр. Егер екі жақ жаңа бағыттар ашу туралы келісетін болса, қос тараптың сарапшылары көлік қажеттілігі және осы бағыттардың бойындағы жолдардың жағдайы жөнінде тексеру жүргізеді.

Отырыс барысында, Қазақстан өкілдері Қытай делегациясын "Қорғас" өткізу бекетінде автомобильдердің шектен тыс шоғырлануын болдырмау үшін жуырда қосымша өткізу желісінің ашылатыны жөнінде хабардар етті. Сонымен қатар, қазақстандық кедендік органдар экспорттық декларациялардың түпнұсқасын талап етпеуі үшін кедендік заңнамаға қажетті өзгерістер енгізу жөнінде жұмыстар атқарылып жатыр.

Сондай-ақ, 2007 жылдың аяғына дейін екі ел арасында үздіксіз жүк тасымалын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанға қосымша 5000 рұқсатнама қағаздары беріледі.

"Батыс Еуропа - Батыс Қытай" дәлізін салу үшін Қазақстанның жүзеге асырып жатқан шараларымен таныса отырып, Қытай Қазақстан Республикасы аумағындағы автомобиль жолдарын салуға, соның ішінде "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" дәлізін салуға қытайлық компаниялардың қатысуы туралы ұсыныс жасады. Екі жақ "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" дәлізін салу мәселесін қарастыруды тездету мақсатында шараларды бірігіп жүзеге асыру жөнінде және Шанхай ынтымақтастық ұйымының жуырда болатын мәжілісінде бұл мәселені көлік министрлерінің деңгейіне көтеруге келісті.

Азаматтық авиация саласында, екі жақ жаңа әуе бағдарғыларын ашу мақсатында жұмыстарды одан әрі жалғастыруға келісті. Бұл үшін екі елдің құзырлы органдарының өкілдері келіссөз өткізетін болады.

Көлік саласындағы ынтымақтастық жөнінде кіші комитеттің келесі төртінші отырысы 2008 жылы Хайнан аралында (ҚХР) өтеді деп жоспарланып отыр.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны