13.05.2009, 18:58 6521

Қазақстан мен Корея энергетика мен табиғи ресурстарды игеру саласында бірлескен жобаларды пысықтауға келісті

Қазақстан мен Корея энергетика мен табиғи ресурстарды игеру саласында бірлескен жобаларды пысықтауға келісті

Астана. 13 мамыр. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстан мен Корея энергетика мен табиғи ресурстарды игеру саласында бірлескен жобаларды пысықтауға келісті. Бұл туралы Қазақстан Республикасының президенті Н.Назарбаев пен Корея Республикасының президенті Ли Мен Бактың Бірлескен мәлімдемесінің мәтінінде айтылған, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігі президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бірлескен мәлімдемеде атап көрсетілгеніндей, Қазақстан Республикасының президенті Н.Назарбаевтың шақыруымен 2009 жылғы 12-14 мамырда Корея Республикасының президенті Ли Мен Бак Қазақстан Республикасында мемлекеттік сапармен болды.

Болып өткен келіссөздер барысында екі мемлекеттің басшылары өзара мүдделілік білдірілетін кең ауқымды мәселелерді талқылап, Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы ынтымақтастықтың перспективалары жөнінде пікір алмасты.

1995 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы қарым-қатынастар мен ынтымақтастықтың негізгі ұстанымдары туралы декларацияда бекітілген ережелерді ұстана отырып, Тараптар жан-жақты өзара іс-қимылды нығайтуға ортақ ұмтылысын растады.

1. Тараптар, екі елдің ынтымақтастығы сапалы жаңа кезеңіне қадам басуда деген пікірге ортақтаса отырып, екі жақты қатынастарды саяси, экономикалық, гуманитарлық және басқа да салаларды тегіс қамтитын стратегиялық әріптестік деңгейіне көтереді.

2. Тараптар екі жақты форматта сауда, инвестиция, қоршаған ортаны қорғау, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым мен құрылыс, ғылым мен технология, атом энергетикасы, білім, мәдениет және басқа да салаларда, сондай-ақ универсалды және өңірлік ұйымдар шеңберіндегі практикалық ынтымақтастықты дамытуға күш салады.

Тараптар инфрақұрылымдарды салу, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар, қоршаған ортаны қорғау және мәдениет сияқты перспективалық бағыттардағы өзара іс-қимылды дамыту жөніндегі нақты шаралар көрсетілген Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы ынтымақтастықты тереңдету жөніндегі іс-қимыл жоспарының қабылдануын құптады.

Сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мен тереңдету мақсатында екі елдің іскер топтары арасындағы өзара іс-қимылдың белсенділігін одан әрі арттыру үшін қолайлы жағдайлар жасалатын болады. Осыған байланысты екі мемлекет басшылары президент Ли Мен Бактың Қазақстанға сапары шеңберінде өткен қазақстан-корея бизнес-форумының қорытындыларын жоғары бағалайды.

3. Тараптар жаһандық климаттық өзгерістердің қауіптілігін сезіне отырып, қоршаған ортаны қорғау мәселелерінде белсенді түрде ынтымақтасуға дайын екендіктерін білдіреді. Тараптар жаңарып отыратын энергия көздері мен экологиялық таза технологияларды пайдаланатын төменгі көміртекті экономикаға жылдам көшуге бағытталған өзара әрекеттестікті кеңейтетін болады. Тараптар энергияның балама көздерін, экологиялық таза технологияларды жасаудағы ынтымақтастықты дамытудың қажеттігін атап өтті.

Энергетикалық ынтымақтастық екі жақты экономикалық өзара ықпалдастықтың маңызды сегменті болып табылатындығын сезіне отырып, тараптар энергетика мен табиғи ресурстарды игеру саласында бірлескен жобаларды пысықтауға келісті. Тараптар бірлескен мұнайгаз жобаларын іске асыру шеңберінде көмірсутек шикізатын барлау мен игеру жөніндегі ынтымақтастықты, сондай-ақ 2008 жылғы мамырда қол қойылған уран концентраттарын тасымалдауға арналған ұзақ мерзімді келісім-шарт негізінде уран саласында өзара іс-қимылды кеңейтуге үміт артты.

Тараптар "Балқаш ЖЭС құрылысы" жобасын жүзеге асырудағы екі ел компанияларының ынтымақтастығын құптады. Тараптар осы жобаның табысты жүзеге асуы екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың одан әрі дәйекті дамуына қолайлы негіз қалайтынын атап өтті.

Екі ел арасындағы ядролық энергетика саласындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында тараптар 2004 жылғы 20 қыркүйекте қол қойылған Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Корея Республикасы Үкіметі арасындағы атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің тезірек күшіне енуі үшін қажетті шараларды қабылдауды қолға алады.

Корей тарапы Қазақстан Республикасының атом өнеркәсібін дамыту мәселелерінде қазақстан тарапына белсенді түрде қолдау көрсетуге ниет білдірді. Тараптар осы салада кіші және орта қуаттағы ядролық реакторлар (SMART) жобасын әзірлеу жөнінде бірлескен зерттеулер мен техникалық тексерістер жүргізу арқылы өзара ықпалдастықты дамытатын болады.

Тараптар радиациялық сәулеленуді медицинада қолдануға бағытталған ынтымақтастықты дамытуға, радионуклидтерді өндіру, циклотрондарды орнату, диагностикалық визуализация саласындағы технологиялармен алмасу, кадрларды дайындау, Алматы қаласында құрылысы жүріп жатқан Ядролық медицина мен биофизика орталығын радиобиологиялық жабдықтармен қамтамасыз ету тақылеттес бағыттардағы бірлескен жобаларды іске асыруға, сондай-ақ өндірістік технологиялар мен жабдықтарды, радиоактивті препараттарды әзірлеудегі ынтымақтастық спектрін кеңейтуге ниет білдірді.

4. Тараптар инфрақұрылымды дамыту мемлекеттің ұзақ мерзімді экономикалық дамуын қамтамасыз етуші маңызды элемент болып табылатындығы жөнінде ортақ пікірде. Корея жағы Қазақстан Республикасы үкіметінің бастамашылық еткен Еуроазиялық континентте көліктік-логистикалық жүйе құру жоспарын қолдайды. Осыған байланысты Тараптар темір жол, қалалық көлік және инфрақұрылым құрылысы саласындағы екі жақты ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті.

5. Халықаралық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын назарға ала отырып, Тараптар ұлттық агроөнеркәсіптік кешендердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында ынтымақтастықты дамытуға ниет білдірді.

6. Тараптар екі елдің білім мен кәсіби дайындық саласындағы өзара іс-қимылдың дамуына қанағаттанғандық білдірді, және де екі елдің жетекші жоғарғы оқу орындарындағы білім алушылармен, сондай-ақ ғылыми-педагогикалық кадрлар және сарапшылармен алмасуды кеңейтуге жәрдем көрсетуге ниетті.

Тараптар Қазақстанда жоғары білікті мамандарды даярлау мақсатында білімді ақпараттандыру саласындағы корей тәжірибесін пайдаланудағы өзара іс-қимылды дамытатын болады. Осы орайда Қ.Сатпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті мен Кореяның халықаралық ынтымақтастық жөніндегі агенттігі (KOICA) арасындағы қазақстан-корей ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында мамандарды даярлау жөніндегі оқу орталығын салу мен басқарудағы ынтымақтастыққа жан-жақты көмек көрсетілетін болады.

7. Мемлекеттің үздіксіз және қарқынды дамуын қамтамасыз етуде халықтың денсаулығын қорғаудың маңыздылығын ескере отырып, Тараптар денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ниеттенді. Корей тарапы Қазақстан Үкіметінің денсаулық сақтау саласында жүргізіп жатқан реформаларын жоғары бағалай отырып, бұрынғы Семей ядролық полигонына іргелес орналасқан Қазақстанның аудандарындағы клиникаларға медициналық жабдықтарды беруге, сондай-ақ аталған клиникалардың медициналық персоналдарын арнайы кәсіби дайындықтан өткізуде көмек көрсетуге ниет білдірді.

8. Қазақстан тарапы Қазақстанда тұратын корейліктердің этномәдени бірлестіктерінің дамуы үшін қажетті қолдау көрсетуді жалғастыру ниетін растады.

9. Корея жағы тарапы 2011 жылы Қазақстанда өтетін Қысқы Азиялық ойындарының сәтті өткізілуіне қажетті қолдау көрсету ниетін білдірді. Қазақстан тарапы 2012 жылы Есу қаласында өтетін ЭКСПО халықаралық көрме жұмысына белсенді түрде қатысуға ниет білдірді.

10. Тараптар халықаралық және өңірлік ахуалды нақты талқылап, Азиядағы және бүкіл әлемдегі бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтауға бағытталған бірлескен күш-жігерлерге өздерінің бейілділігін мәлімдеді. Корей тарапы 2006 жылғы 8 қыркүйектегі Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа қол қою үдерісіндегі Қазақстанның белсенді қызметін жоғары бағалады. Қазақстан тарапы алтыжақты келіссөздер шеңберіндегі Солтүстік Кореяның ядролық мәселесін бейбіт жолмен шешу және диалог пен ынтымақтастық арқылы өзара тиімді корейаралық қатынастарды дамыту жөніндегі Корея Республикасының ұстанымын қолдайтындығын растады.

11. Тараптар ортақ мүдделілік білдірілетін азиялық өңірлік проблематиканы үздіксіз талқылау үшін және қазіргі бар мәселелерді тиімді шешуде көп жақты форматтағы өзара іс-қимылдың маңыздылығын атай отырып, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Азиядағы ынтымақтастық диалогы, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйым сияқты өңірлік құрылымдар шеңберіндегі ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екендерін білдірді. Корей тарапы Қазақстанның АСЕАН Өңірлік форумына кіруге деген ұмытылысын құптады.

Корея тарапы Қазақстанның алдағы 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымға және 2011 жылы Ислам конференциясы ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесіне төрағалық етулеріне орай Қазақстанды құттықтады.

Тараптар Корея Республикасы мен Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастық бойынша форумдардың тұрақты түрде өткізіліп тұруы барлық қатысушы елдердің мүдделеріне сай келетіндігін және Корея Республикасы мен Орталық Азия мемлекеттері арасында түрлі салалардағы практикалық ынтымақтастықтың одан әрі нығая түсуін ынталандыратындығы жөнінде ортақ пікірде. Тараптар нақты нәтижелерге жету мақсатында ынтымақтастықтың перспективалы салаларын іздестірудің белсенділігін арттыруға дайындығын білдірді.

12. Тараптар ұлттық экономикалардың дамуына кері әсерін тигізіп отырған жаһандық қаржы-экономикалық жағдайдың нашарлауына алаңдаушылық танытты. Тараптар әлемдік экономикалық дағдарысты халықаралық қауымдастықтың барлық мүшелерінің келісілген іс-қимылдары арқасында ғана еңсеруге болатындығы жөнінде ортақ пікірде. Қазақстан тарапы Корея Республикасының "жиырма алпауыт ел" халықаралық конференциясы шеңберіндегі қызметіне, әлемдік қоғамдастықты жаһандық қаржы дағдарысынан алып шығу мәселесін шешудегі корей тарапының жалпы күш-жігеріне жоғары баға берді.

Қазіргі заманғы жаңа қауіп-қатерлерге, сондай-ақ халықаралық лаңкестікке, ұйымдасқан трансшекаралық қылмысқа қарсы қимылдау үшін әлемдік қоғамдастықтың бірлескен және келісілген күш-жігерлерінің маңыздылығын атай отырып, Тараптар өзара сенімді нығайтуға, осы саладағы алмасу мен ынтымақтастықты кеңейтуге бел буғандықтарын білдірді.

13. Тараптар екі ел арасындағы қарым-қатынастардың серпінді дамуына қомақты үлес қосқан Корея Республикасының Президенті Ли Мен Бактың Қазақстан Республикасына жасаған мемлекеттік сапарының қорытындыларына жоғары баға берді. Корея тарапы Қазақстан жағына көрсетілген қонақжайлылық пен жылы қабылдау үшін ризашылық білдірді. Президент Ли Мен Бак президент Н.Назарбаевты екі жаққа да қолайлы мерзімде Корея Республикасына келуге шақырды. Шақыру ризашылықпен қабыл алынды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны