Қазақстан мен Ресей мемлекет басшылары 4-қазанда Новосибирск қаласында өтетін шекаралық өңір басшыларының форумына қатысады
"ҚАЗАҚСТАН БҮГІН". 10 қыркүйек. АСТАНА. Новосибирск қаласында 4-қазанда Қазақстан мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің қатысуымен шекаралық өңір басшыларының форумы өтеді, деп хабарлайды агенттік ҚР Индустрия және сауда министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл туралы Тюмень қаласында 6-7- қыркүйекте өткен Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның шекаралық ынтымақтастық жөніндегі кіші комиссиясының жетінші отырысында айтылды. "Отырыс аясында кіші комиссия Қазақстан мен Ресей өңірлерінің шекаралық ынтымақтастығы жөніндегі 2008-2011-жылдарға арналған бағдарламасы мен оны жүзеге асыру шараларының жоспарының жобасын қарап, мақұлдады", -делінген хабарламада.
Сонымен бірге, Қазақстан-Ресей шекарасында халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталықтарын құру және сауда, ауылшаруашылығы, транспорт және денсаулық сақтау саласындағы басқа да мәселелер қаралды.
"Отырыс қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның шекаралық ынтымақтастық жөніндегі кіші комиссиясының 7-ші отырысының хаттамасына қол қойды", - делінген баспасөз баянында.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті