13.02.2007, 17:32 2970

Қазақстан өкілдері Ядролық лаңкестікке қарсы күрес жөніндегі жаһандық бастамаға қатысушы елдердің екінші кездесуіне қатысты

АСТАНА. 13-ақпан. Kazakhstan Today. 12-13 ақпанда Анкарада ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары Нұрлан Ермекбаев басқарған қазақстандық делегация Ядролық лаңкестікке қарсы күрес жөніндегі жаһандық бастамаға қатысушы елдердің екінші кездесуінің жұмысына қатысты. Аталған бастаманы 2006 жылғы шілдеде Санкт-Петербургте өтетін "Үлкен сегіздік" саммитінің қарсаңында Ресей мен АҚШ президенттері көтерген болатын, деп хабарладйы Kazakhstan Today тілшісі ҚР СІМ-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстандық дипломат қатысушыларға таратпау саласында біздің елдің қолға алып жатқан және жүзеге асырып жатқан нақты шаралары, соның ішінде өз еркімен ядролық қарудан бас тарту, Орталық Азияда ядролық қарудан еркін аймақ құру жөнінде әңгімелеп берді және ядролық терроризмге қарсы күрес жүргізуде халықаралық ынтымақтастықты күшейту қажеттігі жөніндегі қазақстандық тараптың ұстанымын жариялады.

Қазақстан да АҚШ, Ресей, Австралия, Ұлыбритания, Германия, Италия, Канада, Қытай, Түркия, Франция және Жапония елдерімен қатар бастаманың бастапқы серіктесі болып табылады. МАГАТЭ ұйымына бақылаушы рөлін жүктей отырып, бастама оған қатысушыларды есепті, ядролық материалдар мен объектілерді қадағалау және қорғауға, ядролық терроризм актілерінің салдарына шара қолдануға, ядролық материалдармен байланысты заңсыз қызметті анықтау және жолын кесуге, ядролық терроризммен күрес жүргізу үшін жаңа технологияларды әзірлеуде ынтымақтастықты дамытуға шақырады.

Бастамаға қатысушы елдердің 2006 жылғы 30 қазанда Рабатта (Марокко) жасаған ұсынысы бойынша Қазақстан үстіміздегі жылы Астанада сыртқы істер министрлері орынбасарларының үшінші кездесуін қабылдауға дайындалуда.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны