21.09.2007, 17:21 3164

Қазақстан президенті БҰҰ Бас Ассамблеясының 62-ші сессиясына қатысады

Қазақстан президенті БҰҰ Бас Ассамблеясының 62-ші сессиясына қатысады.

Астана. 21 қыркүйек. "Қазақстан Бүгін". Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 18 қыркүйекте БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде басталатын БҰҰ Бас Ассамблеясының 62-ші сессиясына қатысады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Бүгін журналистерге арнап өткізілген қысқаша баспасөз мәслихатында ҚР СІМ-нің ресми өкілі Ержан Ашықбаевтың хабарлағанындай, "Бас Ассамблеяының сессиясына Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастаған делегация қатысады. Президент жалпы пікірсайыста жоғарыда аталған күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Қазақстанның ұстанымдарын ортаға салатын болады".

Сессия аясында өтетін және мемлекет басшылары мен үкімет басшылары сөз сөйлейтін жалпы пікірсайыс 25 қыркүйекте басталады.

Бас Ассамблеясының 62-ші сессиясының негізгі бөлігінің күнтәртібінде 160-қа жуық мәселе қарау жоспарлануда. Олардың қатарында бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, лаңкестікпен күрес, әлеуметтік және экономикалық даму мәселелері бар. Ассамблея сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесін реформалауға, өз жұмысын жандандыруға және ВИЧ/СПИД-ке күреске қатысты мәселелерді де талқылауды жалғастырады.

24-26 қыркүйек аралығында болатын Нью-Йоркке сапар барысында Елбасы Бас ассамблеяның сессиясына қатысатын өзге елдердің мемлекет және үкімет басшыларымен, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесулер өткізеді. Мұнымен қатар, Қазақстан Президентінің "Клинтонның жаһандық бастамасы" секілді жоғары деңгейлі іс-шараға қатысуы, АҚШ-тың іскер және қоғамдық топтарының өкілдерімен кездесулері жоспарлануда.

Қыркүйектің 24-і күні жалпы пікірсайыстардың ашылуы қарсаңында 62-ші сессияның жоғары деңгейдегі кездесуі өтеді. Ондағы талқылаулардың басты өзегі ауа-райының өзгерістері болмақ.

Бас Ассамблея өз тарихында бірінші рет жалпы отырыстарын тек қана ауа-райының өзгерістеріне қатысты мәселелерді талқылауға арнайды. Ол қазірдің өзінде "экологиялық таза" деген бейресми мәртебе алып үлгерді.

Қазақстан тарапынан бұл отырысқа Қоршаған ортаны қорғау министрі Н. Ысқақов қатысады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны