21.09.2007, 17:13 2830

Қазақстан президенті мемлекеттік сапармен Бразилия Федеративтік Республикасына барады

Қазақстан президенті мемлекеттік сапармен Бразилия Федеративтік Республикасына барады.

Астана. 21 қыркүйек . "Қазақстан Бүгін". Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Бразилия Федеративтік Республикасына мемлекеттік сапары өтеді. Бүгін журналистерге арнап өткізілген қысқаша баспасөз мәслихатында ҚР СІМ-нің ресми өкілі Ержан Ашықбаев құлағдар еткеніндей, сапар 26-30 қыркүйек аралығына межеленген.

"Қазақстан президентінің Латын Америкасы өңіріне осы алғашқы сапары еліміздің сыртқы саясаты мен экономикалық мүдделерін "жаңа құрлықта" ілгерілетуге бағытталып отыр",- деді елші.

Латын Америкасының ұлғайып келе жатқан экономикалық әлеуеті мен халықаралық аренада елеулі саяси салмағы бар. Ол жаңадан қалыптасып жатқан дүниежүзілік қалыптың, саяси және экономикалық мегаблоктардың иіріміне белсенді тартылуда. Мұның бәрі Қазақстанның сыртқы саясат басымдылықтарында аталған өңірге ерекше назар аударылуы керек екендігін көрсетеді.

Соған орай, сапар барысында саяси ықпалдастық (соның ішінде Латын Америкасымен белсенді әрекеттестік, Орталық азиядағы интеграциялық үрдістер, дінаралық сұхбаттың дамуына Қазақстанның үлесі); халықаралық қауіпсіздік саласындағы серіктестік (жаппай қырып-жою қаруларын таратпау, халықаралық лаңкестікке, есірткілердің заңсыз айналымына және басқа да бүгінгі күннің қауіп-қатерлеріне қарсы күрес); сауда-экономикалық ынтымақтастық, отандық ғылыми ауқымды, экспортқа бағытталған өнеркәсіп пен ақпараттық саланы дамыту үшін жаңа технологияларды тарту мәселелерін талқылауға баса назар аудару жоспарлануда.

Сапар аясында Елбасы Бразилия президенті Луиш Инасиу Лула да Силвамен жүздеседі. Сондай-ақ, БФР парламенті сенатының төрағасы Р.Калейроспен, Өкілдер палатасының төрағасы А.Чинаглиамен, Федералдық жоғарғы сотының төрайымы Э.Нортфлитпен кездесулері жоспарланған.

Сонымен қатар, мемлекет басшысының Бразилия іскер қауымымен келіссөздерінде энергетика, ауыл шаруашылығы, жаңа технологиялар салаларындағы ынтымақтастықты дамыту және өнеркәсіптің түрлі тармақтарында бірлескен кәсіпорындар құру мәселелері талқыланады деп күтілуде.

Еске сала кетейік, осы сапардың қарсаңында Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы төтенше және өкілетті елшісі Ерлан Ыдырысов Елбасының 11 қыркүйектегі жарлығымен Қазақстан Республикасының Бразилиядағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы болып тағайындалды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны