12.03.2007, 12:06 2673

Қазақстан президенті ресми сапармен Мысырға барды

АСТАНА. 12-наурыз. Kazakhstan Today. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев кеше ресми сапармен Мысыр Араб Республикасына барды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, президенттің бұл елге сапары 14-наурызға дейін созылады. Сапар барысында Н.Назарбаев Мысыр президенті Хосни Мүбәракпен кездесіп, екі елдің түрлі саладағы ынтымақтастығын тереңдету жайын талқылайды. Келіссөздердің қорытындысы бойынша бірқатар үкіметаралық келісімдерге қол қойылады деп межеленген.

Каирге Қазақстан президенті Катар астанасынан келді. Доха қаласында Н.Назарбаев Катар әмірі, шейх Хамад бен Халифа аль-Танимен жүздесті. Қазақстан президентің баспасөз қызметінің хабарлауынша, "жеке және кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында екі жақты қарым-қатынасты нығайту және өзара сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды".

Қазақстан президенті Катар әміріне Астанада Ислам орталығын салуға үлес қосқаны үшін ризашылық білдіріп, орталықтың "екі елдің шынайы достығының нышанына айналғанын" атап өтті. Н.Назарбаев сонымен бірге діндер мен өркениеттер арасындағы диалогты жандандыру мен қолдау бағытында күш біріктіру қажеттігін атап көрсете отырып, Катар мемлекетін Азиядағы өзара сенім және ықпалдастық шаралары жөніндегі кеңес ұйымы процесстеріне атсалысуға шақырды.

Келіссөздердің қорытындысы бойынша мемлекет басшылары үкіметтерге екі жақты ынтымақтастықты пәрмендендіруге нақты шаралар қолдануға тапсырма берді. Екі елдің жетекшілері таяу уақыттарда Қазақстанда Катардың, ал Катарда Қазақстанның елшіліктері ашылатыны жайлы жариялады.

Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев Катар мемлекеттінің әмірін бірінші дәрежелі "Достық" орденімен марапаттады. Қазақстан президентіне Катардың ең жоғары сыйлығы - Тәуелсіздік ордені табыс етілді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны