13.09.2007, 15:14 2926

Қазақстан президентінің Тәжікстанға сапары аясында бірқатар екі жақты құжаттарға қол қойылды

Қазақстан президентінің Тәжікстанға сапары аясында бірқатар екі жақты құжаттарға қол қойылды.

"ҚАЗАҚСТАН БҮГІН". 13 қыркүйек. ДУШАНБЕ. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәжікстанға ресми сапары аясында бірқатар екі жақты құжаттарға қол қойылды, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Атап айтсақ, Нұрсұлтан Назарбаев пен Эмомали Рахмон бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Сонымен бірге екі елдің үкіметтері әуе қарым-қатынасы саласындағы ынтымақтастық жөніндегі және мәдениет пен өнер саласындағы ынтымақтастық жөніндегі келісімдерге қол қойды. Тәжікстанның Білім министрлігі мен Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі техникалық және кәсіби білім беру саласындағы ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойды. Сондай-ақ, Тәжікстанның Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі мемлекеттік комитеті мен Қазақстанның Индустрия жәнге сауда министрлігі арасында инвестициялар мен сауда саласындағы ынтымақтастық және өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Екі елдің ауылшаруашылығы министрліктері агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойды.

Кездесуден кейін өткен баспасөз мәслихатында Н. Назарбаев келіссөздердің жемісті өткенін атап өтті. "Біз жарғылық капиталы 100 млн долларлы құрайтын инвестициялық қор құру жөнінде мәмілеге келдік, оның басым бөлігін Қазақстан жағы шығарады. Бұл қаржы тәжік экономикасына, бірінші кезекте, энергетика мен ауылшаруашылығын дамытуға жұмыс істейтін болады", - деді президент.

Сонымен бірге мемлекет басшысының хабарлауынша, "Қазына" Тұрақты даму қоры Тәжікстанда шағын су электр станцияларын салуға атсалысу мүмкіндігін қарастыруда. "Қазақстан барлық тендерлерге қатысатын болады, өйткені біз электр қуатын алудан мүдделіміз", - деді Н. Назарбаев.

Қазақстан президенті сонымен бірге " 2008 жылы Тәжікстанда Қазақстанның мәдениет күндері өтетінін" хабарлады. Н. Назарбаевтың айтуынша, 2008/2009 оқу жылында Қазақстанның жоғары оқу орындарына "Қазақстанның мемлекеттік бюджетінің қаржысы есебінен " Тәжікстаннан 100 студент қабылданады.

"Бұл өңірде тарихы мен мәдениеті ортақ 554 млн адам тұрады. Біз тарихи қалыптасқан байланысқа кедергі келтірмейтін өзара ықпалдастық орнату жайын ойластыруға тиіспіз", - деді Н. Назарбаев.

Өз кезегінде Э. Рахмон "Қазақстан президентінің ресми сапары өзара қарым-қатынастарға жаңаша серпін беруге бағытталған ортақ талпыныстың дәлелі болып табылады", деп атап өтті. "Тұтастай алғанда екі жақты қарым-қатынастар оң серпінмен сипатталады. Сыртқы сауда айналымының өсуін де қарқынды деп атауға болады", - деді ол.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны