21.12.2007, 15:30 2959

Қазақстан проблемаларды ұжымдасып шешу тетіктеріне негізделген халықаралық қатынастар жүйесін қалыптастыруды ұдайы қолдайды - президент

Қазақстан проблемаларды ұжымдасып шешу тетіктеріне негізделген халықаралық қатынастар жүйесін қалыптастыруды ұдайы қолдайды - президент

Астана. 21 желтоқсан. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстан БҰҰ-ның басшылығымен демократияландыру мен құқыққа басымдық беретін, проблемаларды ұжымдасып шешу тетіктеріне негізделген халықаралық қатынастар жүйесін қалыптастыруды ұдайы қолдайды. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ресейдің Сыртқы істер министрлігі Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының оқытушы-профессорлар құрамымен кездесуде сөйлеген сөзінде мәлімдеді, деп хабарлайды агенттік тілшісі президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Қазіргі заманғы жаһандану мен әлемде бәсекелестік күшейген қазіргі ахуалда, халықаралық қауіпсіздікке төнген жаңа және дәстүрлі қатерлердің аясында Қазақстан әлемдегі барлық әріптестерімен стратегиялық көп жақты диалогты белсене дамытуда. Қазақстан БҰҰ-ның басшылығымен демократияландыру мен құқыққа басымдық беретін, проблемаларды ұжымдасып шешу тетіктеріне негізделген халықаралық қатынастар жүйесін қалыптастыруды ұдайы қолдайды", - деді президент.

Н. Назарбаев "халықаралық бедел бірізді әрі конструктивті сыртқы бағдар мен табысты ішкі дамудан құралады", деп атап өтті.

"Біз Қазақстанның халықаралық іс-қызметіне еліміздің қарқынды дамуын қамшылаушы фактор ретінде айрықша маңыз береміз. Еліміздегі ауқымды экономикалық, әлеуметтік және саяси өзгерістерге қажетті сыртқы қолайлы жағдайлар жасау мен оны сақтауға, Қазақстанның қуатты, озық әрі демрократиялық мемлекет ретінде табысты дамуына дипломатия сүбелі үлес қосады", - деді Н. Назарбаев.

"Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан өзінің шекарасын бойлай "тату көршілік белдігін" құрып, әлемдік жетекші державалармен және өңірлік алпауыт мемлекеттермен әріптестік сенімді байланыстар орнатты", -деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президенттің айтуынша, еліміздің сыртқы саясатындағы басымдықтар - ХХІ ғасырдың қауіп-қатерлеріне төтеп бере алатын және ұзақ мерзімді ұлттық мүддені қамтамасыз етуге бағытталған жан-жақты әрі тепе-тең сыртқы саясаты" өзгермейді.

"Қазақстанның сыртқы саясатында Ресейлік вектор айрықша маңызды бағытқа жатады. Біз Қытай Халық Республикасымен өзара тиімді ықпалдастықты нығайтуға, АҚШ-пен және Еуропалық Одақпен жоғары деңгейлі қарым-қатынасты нығайта түсуге аса маңыз береміз. Орталық Азия елдерімен ықпалдастық та басымдықтардың бірі. Біз өңірдегі интеграцияны тереңдету жұмыстарын жалғастыра береміз", -деді Н. Назарбаев.

Сонымен бірге, Қазақстан президентінің пайымдауынша, бүгінде Таяу Шығыс пен Парсы шығанағы, Азия-Тынық мұхиты аймағы мен Латын Америкасы елдерімен ықпалдастық орнатуда да үлкен мүмкіндіктер мен тың перспективалар ашыла түсуде.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны