02.12.2008, 10:14 1705

Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің делегациясы Венгрияға жүріп кетті

Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің делегациясы Венгрияға жүріп кетті

Астана. 2 желтоқсан. "Қазақстан Бүгін" - Палата жетекшісі Орал Мұхамеджанов бастаған Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің делегациясы бүгін Венгрия астанасы Будапешт қаласына аттанды, деп хабарлайды агенттік тілшісі мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, парламентшілердің екі күндік сапары Венгрия Республикасының Мемлекеттік жиналысының төрайымы Каталин Сили ханымның арнайы шақыруы бойынша жүзеге асып отыр. Өткен жылы көктемде Қазақстанға ресми сапармен Венгрия парламенті жетекшісінің келгені белгілі.

Сапар барысында Орал Мұхамеджанов Венгрия Республикасының президенті Ласло Шойоммен, парламент төрайымы Каталин Силимен, премьер-министр Ференц Дюрчанмен кездесулер өткізеді және Эгер қаласының жұртшылығымен жүздеспекші.

Қазақстанның институционалды-құқықтық базасын жетілдіру мақсатында еуропалық, оның ішінде венгриялық реформаны заңнамалық қамтамасыз ету тәжірибесі жөнінде пікір алмасылады. Бүгінгі таңда жоғары технологиялық халықаралық компанияларға қатысуды ынталандыратын, ғылымға негізделген шағын және орта кәсіпорындарды дамыту жөнінде, инновациялық процестерді басқару саласына мамандарды дайындау мәселелерін реттеуге қатысты заңдық нормалар Қазақстанды да қызықтырып отыр. Сондай-ақ аймақтық ынтымақтастықты дамыту, ұлттық және аз ұлттардың құқықтарын қорғау мәселелері де назарға алынады.

Қазақстандық парламентшілер әріптестерімен және танымал саяси қайраткерлермен бірге маңызды шараларға, яғни, "Еуропаға жол" мемлекеттік бағдарламаның, "Венгрлерге Қазақстан туралы" деген венгр тіліндегі кітаптың таныстырылымына қатысады. Мадияр қыпшақтарымен кездесу өткізу де жоспарланып отыр.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны