09.10.2006, 17:12 2930

Қазақстан Солтүстік Кореяның ядролық сынақ жүргізгенін айыптайды - ҚР СІМ (толықтырылған нұсқа)

9-қазан. Астана. Kazakhstan Today. Қазақстан Солтүстік Кореяның ядролық сынақ жүргізгенін айыптайды және бұл қадамды қателік деп санайды. Бұл туралы бүгін журналистерге арнап өткізілген қысқаша баспасөз мәслихатында ҚР СІМ-нің ресми өкілі Ержан Ашықбаев құлағдар етті,- деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Ядролық полигонды жапқан мемлекет ретінде және Ядролық қаруды таратпау туралы жалпыға ортақ келісім-шарттың, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың және Орталық Азияда ядролық қарудан еркін аймақ құру туралы шарттың қатысушысы болып табылатын Қазақстан Республикасы, Корея Халық Демократиялық Республикасының ядролық қарудың сынағын өткізу туралы шешімін қателік деп санайды. Сонымен қатар ағымдағы жылы қазанның 9-ында жүзеге асырылған бұл шараны айыптайды",- деп мәлімдеді Е.Ашықбаев.

"Біз аталмыш қадам ядролық қаруды таратпау саласындағы ауқымды дағдарысты шиеленістіретініне және жаҺандық қауіпсіздікке елеулі нұқсан келтіретініне кәміл сенеміз".

"Қазақстан Республикасы Солтүстік Кореяны Қытай, Ресей, АҚШ, Оңтүстік Корея және Жапонияның қатысуымен ядролық мәселе жөніндегі алты жақты форматтағы келіссөздерді қайта жандандыруға және ядролық амбициясынан бас тартуға шақырады" делінген мәлімдемеде.

Батыс БАҚ-тарының ақпаратына сәйкес, дүйсенбі күні Солтүстік Корея уақытымен 10 сағат 36 минутта (Астананың 7 сағат 36 минуты) осы елдің солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан Кильчжу (Kilju) қаласының маңында Хвадэри (Hwadaeri) ауданында 550 тонна үшнитротолуол жарылысына парапар ядролық жарылыс жасалды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны