18.02.2008, 18:23 2348

Қазақстан үкімет басшысының Біріккен Араб Имірліктеріне жұмыс сапары аясында үш меморандумға қол қойылды

Қазақстан үкімет басшысының Біріккен Араб Имірліктеріне жұмыс сапары аясында үш меморандумға қол қойылды

Астана. 18 ақпан. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстан үкімет басшысының Біріккен Араб Имірліктеріне жұмыс сапары аясында ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытында үш меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды агенттік тілшісі үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, 2008 жылдың 16-17 ақпанында Қазақстан Республикасының премьер-министрі Кәрім Мәсімов Біріккен Араб Имірлігінде (БАИ) жұмыс сапарымен болды.

Біріккен Араб Имірліктерінің астанасы Абу Даби қаласында Кәрім Мәсімов БАИ президенті шейх Халифа бен Заид Ил Нахаянмен, БАИ премьер-министрі шейх Мұхаммед бен Рашид Ил Мақтұммен, Абу Даби Имірлігінің мұрагер ханзадасы шейх Мұхаммад бен Заид Ил Нахаянмен, сондай-ақ "Dubai World" Дубай корпорациясының атқарушы директоры Сұлтан Ахмед бен Сүлейммен кездесті.

Кәрім Мәсімов БАИ-не біздің еліміздегі бірқатар ірі инвестициялық жобаларға қолдау көрсеткені және қазақстандық бастамаларды қолдағаны үшін алғыс айтты, сондай-ақ ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанға шақыруын әмірліктің лидеріне табыс етті.

Имірлік тарабы шақыруды алғыс сезіммен қарсы алып, екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың қарқынды дамып отырғанын қанағаттанарлықпен атап өтті.

Екі елдің үкіметі мен бизнес қоғамдастығының тығыз ынтымақтастығының арқасында көлік және коммуникация, құрылыс, энергетика мен мұнайхимия салаларындағы инвестициялық жобаларды іске асыру және өзара қарым-қатынастарды дамыту мүмкіндігі пайда болды.

Кездесулердің қорытындысы бойынша, 17 ақпанда ҚР премьер-министрі К. Мәсімов пен БАИ президентінің істер жөніндегі министрі шейх Мансұр бен Заид Ил Нахаянның қатысуымен 3 меморандумға қол қойылды. Атап айтқанда, "ҚазМұнайГаз" ҰК мен "IPIC" халықаралық мұнай инвестициялық компаниясы арасында Батыс Қазақстандағы мұнайхимия кешені құрылысы саласындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға, әмірліктің "Мубадала" компаниясы мен "Тобол" ИКК арасында Қостанай облысындағы алюминий зауыты құрылысы мен боксит кен орнын игеруде өзара түсіністік туралы Меморандумға, сондай-ақ "IPIC" компаниясымен химия және минералдық тыңайтқыштар зауытын құру және дамытуды инвестициялау саласында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.

"Біз Қазақстандағы боксит кен орны негізінде алюминий зауытының құрылысы жөніндегі маңызды келісімге қол қойылғанын мақтаныш етеміз. Бұл біз үшін маңызды бағыт, маңызды жоба, маңызды әріптестік болып табылады және біз бірінші сыныпты жобаны дамытуға сенім артамыз", деді келісімдерге қол қою рәсімінен кейін Абу Даби әмірлігі атқарушы комитетінің төрағасы Халдун Алмубарак.

Осы ретте, ҚР президентінің 2007 жылдың соңында БАИ-не сапары барысында қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру ісі 2008 жылдың бас кезінен қолға алынуда. Бұдан басқа, аталған жобаларды іске асыру Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған "Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру - мемлекеттік саясаттың басты мақсаты" атты биылғы жолдауында айтылғандай, экономиканың шикізаттан басқа секторын іс жүзінде дамыту міндетін шешуге ықпал ететін болады.

Абу Даби Имірлігінің мұрагер ханзадасы шейх Мұхаммед бен Заид Ил Нахаян және "Dubai World" Дубай корпорациясының атқарушы директоры Сұлтан Ахмед бен Сулейммен келіссөздер барысында тараптар ҚР президенті Н. Назарбаевтың 2007 жылы қарашада БАИ-не сапары барысында қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыруға екі елдің ұмтылысын құптады.

Кездесу кезінде туризм саласын дамыту, Астана қаласының инфрақұрылымы және Қазақстанның шипажай-санитарлық аймағындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.

Кездесу барысында тараптар ағымдағы жылдың наурызында ҚР сауда-өнеркәсіп палатасы делегациясының БАИ-не сапары аясында бекітілуі жоспарланып отырған, Қазақстан-Имірліктің іскерлік кеңесін тездетіп құруға қолдау білдірісті.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны