06.10.2006, 11:41 3210

Қазақстанда Конституциялық реформаларды 2008-жылдан кейін ғана жүзеге асыруға болады, деп пайымдайды Д.Назарбаева

АСТАНА. 6-қазан. Kazakhstan Today. Қазақстанда Конституциялық реформаларды 2008-жылдан кейін ғана жүзеге асыруға болады. Парламент мәжілісінің депутаты, "Отан" партиясы төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Заңдарға түзету түрінде енгізу жөнінде біз ұсынып отырған нормалардың бір бөлігі Конституцияға өзгерістер енгізуді талап етеді. Бұл нормалар 2008-жылдан кейін жүзеге асады",- деп мәлімдеді Д.Назарбаева Қазақстан Республикасында демократиялық реформалар бағдарламасын әзірлеу және нақтылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның азаматтық қоғамды дамыту жөніндегі жұмыс тобының отырысынан кейін өткізілген баспасөз мәслихатында.

"Ал түзетулердің тағы бір бөлігі қолданыстағы заңнамаға түзету түрінде енгізіледі және бұл келесі жылы іске асуы мүмкін",- деді жұмыс тобының жетекшісі.

Атап айтсақ, жұмыс тобы парламенттің өкілеттілігін арттыруға бағытталған бірқатар ұсыныстарды енгізді. Мемлекеттік комиссияның мүшелері бір палаталы парламент құруды және оны еліміздің Ата заңында "жоғары өкілеттілік және заң шығарушы біртұтас орган" деп белгілеуді ұсынады.

"Бұл әрине даулы мәселе. Бірқатар партиялар екі палаталы парламентті сақтап қалуды қолдаса, бірқатар партиялар бір палаталы парламент жағында. Өз басым бір палаталы парламентті қолдаймын",- деді Д.Назарбаева.

Депутаттар санын 134-ке дейін арттыру ұсынылып отыр. Олардың 50 проценті бір мандатты округтер бойынша, ал қалған 50 проценті партиялық тізім бойынша құралуы тиіс.

Сонымен бірге елдің Ата заңына мәжіліс сайлауында басым дауысқа ие болған саяси партиядан үкімет басшысының кандидатурасын ұсыну туралы норма енгізу жөнінде бастама көтерілді. Үкіметтің, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғарғы соттың, Есеп комитетінің, ҰҚК-нің мүшелерін, сондай-ақ, Ұлттық банк басшысы мен Бас прокурорды парламент бекітеді деп күтілуде.

Жұмыс тобы сондай-ақ қолданыстағы Конституцияның 53-бабын толықтырып, парламентке ұлттық компаниялардың, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың, "Самұрық" мемлекеттік холдингінің бюджетін бекіту құзыретін беруді ұсынуда.

Д.Назарбаеваның пайымдауынша, Қазақстанда президенттік-парламенттік басқару нысаны енгізіледі. "Мемлекеттік комиссияда жинақталған ұсыныстарға қарағанда, Қазақстанда президенттік-парламенттік басқару нысаны енгізілетін секілді",- деді ол баспасөз мәслихатында. "Саяси жүйені реформалау процессі белгілі дәрежеде президенттің құзыретіне де әсерін тигізеді. Президент өзінің құзыретінің бір бөлігін парламентке береді",- деді ол. "Бұл меніңше, өте жақсы",- деді ол.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны