20.07.2007, 15:37 3017

Қазақстанда тамызда өтетін сайлау елдің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болуына қатысты шешімге әсер етуі мүмкін - Франция елшісі

АЛМАТЫ. 20 шілде. Kazakhstan Today. Қазақстанда тамызда өтетін мәжіліс депутаттарының сайлауы елдің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болуына қатысты шешімге әсер етуі мүмкін. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Францияның Қазақстандағы елшісі Ален Куанон пікір білдірді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Тамызда өтетін мәжіліс сайлауы демократияның моделіне айналуға тиіс. Бұл сайлаудағы кез-келген қателік пен кез-келген демократиялық принципті бұзушылықтарды Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы қарсыластары пайдаланатын болады", - деп мәлімдеді дипломат.

Сонымен бірге елші Франция Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болу жөніндегі өтінішін қолдайды деп мәлімдеді. "Францияның бұл мәселеге қатысты ұстанымы айқын. Сенатор (Кристиан) Понселе мамыр айында Алматыға келген. Ол Франциядағы екінші тұлға. Сенатор Франция Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болу жөніндегі өтінішін қолдайды деп мәлімдеді ", - деп еске салды дипломат.

Сонымен бірге А. Куанонның айтуынша, Қазақстанның өтінішін қарау барысында Франция Еуропалық Одақтың ұстанымын да ескеретін болады. "Франция Еуропалық Одақ елдерінің ортақ пікіріне қосылады", - деді А. Куанон.

Парламент мәжілісі депутаттарының сайлауы 2007 жылғы 18- тамызға белгіленген.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны