22.05.2007, 18:43 3327

Қазақстандағы орыстар бірлестігі "Халық Рухы" партиясын құру ұлтаралық келісім саясатына қайшы деп санайды

АЛМАТЫ. 22 - мамыр. Kazakhstan Today. "Ресейлік отандастар бірлестігі" атты республикалық қоғамдық ұйым "Халық Рухы" партиясын құру ұлтаралық келісім саясатына қайшы деп санайды. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында "Ресейлік отандастар бірлестігі" республикалық қоғамдық ұйымының төрағасы Геннадий Беляков мәлім етті.

"Мұхтар Шахановтың жетекшілігіндегі бастамашы топ "Халық Рухы" партиясын құру туралы мәлімдемесінде партия жеке ұлттың мүддесін, яғни қазақ ұлтының мүддесін қорғайтындығын тура айтты",- деп хабарлады Г. Беляков. Ол, "егер осындай ашық ұлтшылдық бағыттағы партия пайда болса, онда келешекте Қазақстанда тұрақсыздық туындауы мүмкін" екендігін атап өтті.

"Ресейлік отандастар бірлестігі" республикалық қоғамдық ұйымының мүшелері өздерінің өтініштерінде "бұл іс-әрекеттер Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған ұлтаралық келісім саясатына қайшы келетіндігін" айтқан. Сонымен қатар, Г. Беляков, "Халық Рухы" партиясын құру "Саяси партиялар туралы" заңның 5-бабында "азаматтардың кәсіби, нәсілдік, ұлттық, этникалық және діни тобына қарай саяси партия құруға жол берілмейді" деп жазылған талабына қайшы келетіндігін атап өтті.

"Сондықтан да біз арыз беру сатысында бұл бастамашы топтың теріс қадам жасамауын ескерткіміз келеді",- деп қосты ол.

Естеріңізге сала кетейік, 15-мамырда депутат Мұхтар Шаханов бастаған Қазақстанның ұлттық-патриоттары "Халық рухы" атты партия құру туралы мәлімдеген болатын. М.Шахановтың айтуынша, бұл партия таза ұлтшыл партия болмайды, оның басқа партиялардан бір ерекшелігі - Қазақстан халқының рухани байлығын дамыту мақсатын көздейтіндігі",- деп мәлімдеді М.Шаханов.

Партияны құрушылардың ақпаратына сәйкес, оған "Мемлекеттік тіл", "Ұлт тағдыры", "Болашақ" секілді ұлттық-республикалық қозғалыстар біріккен. Сонымен бірге партияны құрушылар келесі жылы өтетін мәжіліс сайлауына дейін партияны тіркеп үлгеру үшін таяу уақыттарда қол жинауға кірісетінін хабарлады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны