28.09.2006, 18:21 3365

Қазақстандық делегация ЕҚЫҰ-ның штаб пәтерінде болған арнайы тұрақты кеңеске қатысты

АСТАНА. 28-қыркүйек. Kazakhstan Today. Кеше, қыркүйектің 27-сінде Вена қаласында ЕҚЫҰ-ның штаб пәтерінде болған арнайы тұрақты кеңеске мемлекеттік хатшы Оралбай Ибдікәрімов бастаған қазақстандық делегация қатысты, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

О.Ибдікәрімов тыңдаушыларды ҚР Демократиялық реформалар бағдарламасын әзірлеу мен нақтылау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның жұмысымен таныстырды, Комиссияның алдында тұрған мақсаттарын, сондай-ақ жақын арада іске асыратын жоспарлары туралы Тұрақты Кеңесті хабардар етті. Сонымен қатар, Қазақстанның 15 жылдық тәуелсіздігі кезінде Батыс пен Шығыстың дамыған елдерге тән демократиялық құндылықтарына негізделген өрлеуіне көңіл аударды.

Мемлекеттік хатшы Қазақстанның 2009 жылы ЕҚЫҰ-ына басқарушы ретінде алдында қойған мақсаттарын жан-жақты белгіледі. Еліміздің осы бағытта жүйелі және берік түрде бүкіл ЕҚЫҰ-ына қатысушы мемлекеттер тарапынан қолдауға жету ниетін білдірді.

Жауапты мәлімдемелері барысында Ресей, Финляндия, Армения, АҚШ, Канада, Норвегия және басқа да елдер өкілдерінің Мемлекеттік комиссияның жұмысына қолдауын баяндады. Сондай-ақ, Қазақстандағы демократиялық жаңғыртулардың дамуын және қазіргі заңнамаларды ЕҚЫҰ стандарттарына сай келтіру туралы ұсыныстарын ортаға салды.

Осының алдында қазақстандық делегация құрамындағы ҚР Демократиялық реформалар бағдарламасын әзірлеу мен нақтылау жөніндегі Мемлекеттік комиссиясының мүшелері - ҚР Президенті Икімшілігі басшысының орынбасары Мәулен Ишімбаев, ҚР Парламентінің депутаттары Қуаныш Сұлтанов, Дариға Назарбаева, Дарья Клебанова, ЮНЕСКО жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі Олжас Сүлейменов, Қазақстан патриоттар партиясының жетекшісі Ғани Қасымов және адам құқықтары жөніндегі уәкілі Болат Байқадамов ЕҚЫҰ-да арнайы брифинг өткізіп, Қазақстан Республикасының саяси жаңғырту мәселелері бойынша пікір алмасты.

Сонымен қатар, ЕҚЫҰ штаб-пәтеріндегі жұмыс сапарында ЕҚЫҰ Тұрақты Кеңесінің төрағасы Бертран де Кромбрюггемен, Сөз бостандығы мәселелері жөніндегі ЕҚЫҰ-ның өкілі М. Харастимен, ЕҚЫҰ жанындағы Ұлыбританияның Елшісі К.Мунромен және Адам құқықтары жөніндегі Халықаралық Хельсинки Федерациясының атқарушы директоры А. Родспен кездесулер ұйымдастырылды. Жүздесулер барысында Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы әріптестікті кеңейту және аталған халықаралық ұйыммен ынтымақтастық туралы өзекті мәселелер талқыланды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны