05.06.2012, 16:31 3057

Қазақстандық кәсіпкерлер "Іскерлік байланыстар" жобасы бойынша АҚШ-та тәжірибеден өтеді

Шағын және орта бизнес өкілдерін АҚШ-та тәжірибеден өткізуді қарастыратын "Іскерлік байланыстар" жобасының екінші кезеңіне қатысушылар үшін өтініш қабылдау басталды.

Алматы. 5-маусым. Kazakhstan Today - Қазақстандық кәсіпкерлер "Іскерлік байланыстар" жобасы бойынша АҚШ-та тәжірибеден өтеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Шағын және орта бизнес өкілдерін АҚШ-та тәжірибеден өткізуді қарастыратын "Іскерлік байланыстар" жобасының екінші кезеңіне қатысушылар үшін өтініш қабылдау басталды.

"Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ-ның баспасөз қызметінің хабарламасына қарағанда, 29-желтоқсанда басталған бұл шара 15-қаңтарға дейін созылады. Оған негізінен "Іскерлік байланыстар" жобасының бірінші кезеңіне қатысушылар, сондай-ақ 2011 жылы "Назарбаев Университеті" АҚ-да ұйымдастырылған "Шағын және орта кәсіпкерліктің топ-менеджментіне оқыту" бағдарламасы бойынша тәлім алған үміткерлер қатыса алады. Денсаулық сақтау, ақпараттық-коммуникациялар, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы салаларын қамтитын тегін тәжірибеден өту мерзімі 3 аптаны қамтиды. Оның бірінші аптасында қатысушылар салалық тренингтерден өтетін болады. Ал қалған 2 аптада АҚШ компанияларымен жаңа әріптестік қатынастар жасауға мүмкіндіктер ұсынылып, жаңа технологиялар мен қондырғылар иеленуге жағдайлар қарастырылады. Олардың Қазақстаннан АҚШ-қа барып қайтудағы жол шығындары республикалық бюджеттен өтелсе, АҚШ-та болуға қатысты шығындарды қабылдаушы тарап көтеретін болады.

"Іскерлік байланыстар" жобасы 2011 жылдан бері "Бизнестің жол картасы-2020" шеңберінде Экономикалық даму және сауда министрлігі мен "Даму" Кәіпкерлікті қолдау қоры" АҚ-ның қолдауымен жүзеге асуда. Мақсат - іскерлік байланыстарды орнату жолымен қазақстандық кәсіпкерлердің әлеуетін арттыру болып табылады. Онда халықаралық және шетелдік ұйымдардың қолдауымен қазақстандық компаниялар шетелдегі әріпттестерімен ынтамақтастық орнатуға мүмкіндік алады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны