08.12.2006, 16:36 3490

Қазақстандық құқық қорғаушы дүниежүзінде демократия емес, екіжүзділіктің үстемдік құрып отырғанын мәлімдеді (толықтырылған нұсқа)

БРЮССЕЛЬ. 8-желтоқсан. Kazakhstan Today. Еуропарламентте демократия проблемаларына арналған халықаралық конференцияда сөз сөйлеген Қазақстандағы Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис дүниежүзінде демократия емес, екіжүзділіктің үстемдік құрып отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Дүниежүзінде демократия емес, екіжүзділікке негізделген қос стандарт белең алған",- деді Е.Жовтис. "Тіпті Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымының өзі демократиялық стандарттарды енгізуге шектеулі күшке ие",- деді құқық қорғаушы.

"Дүниежүзінде демократиялық дағдарыс байқалуда. Өйткені, бұған дейін демократиялық құндылықтар мен адам құқықтарын ілгерілетуші, осы ұғымдарды санаға сіңіріп, оларды түсіндіріп келген демократиялық мемлекеттердің өзі әрдайым өз декларацияларына сәйкес әрекет ете бермейтін болды. Сөйтіп олар кейбір сәттерде өздері сеніп ілгерілетуге күш салып келген дүниелер демократияның өзі деп сендіретйндей моральдық құқықтан айрылуда",- деді Е.Жовтис Kazakhstan Today тілшісіне берген сұхбатында.

Осыған байланысты құқық қорғаушы Ауғанстан мен Ирактағы оқиғаларды, Еуропадағы көші-қон саясатына қатысты ахуалды еске сала отырып, "демократияның жаулары" ретінде "мұнай, газ, лаңкестікпен күрес пен геосаяси пайымдарды" атады. "Өкінішке орай осынау жаулар күн өткен сайын күшейе түсуде. Осындай ахуалда демократиясы дамыған елдер өз принциптеріне бекем болмаса, онда олар моральдық құқықтан айрылып, басқаларға авторитарлық жетекшілер мен диктартураларға : "сіздер өздеріңіз де өз мәлімдемелеріңізжі орындай бермейсіздер ғой" деп бетке басуға мүмкіндік береді",- деп санайды Е.Жовтис.

Сонымен бірге құқық қорғаушының айтуынша, демократиялық дағдарыспен бірге "дүниежүзінде механизмдер дағдарысы да байқалуда". "Илемдік қауымдастық адам құқықтарына қатысты ондаған халықаралық келісімдерді қабылдап, оларды әлем елдері түгелдей дерлік бекітті... (соның ішінде авторитарлық режимдегі елдер де - Kazakhstan Today ескертпесі). Және олар осы құжаттарды көпе-көрінеу орындамай отыр. Ал БҰҰ да, ЕҚЫҰ да оған ықпал етер қайран таппай әлек. Демек, осы ұйымдардың өзіне қатысты, адам құқығы мен демократия саласындағы халықаралық міндеттемелердің келешегіне қатысты ауқымды проблемалар туындап отыр деген сөз",- деп қорытты өз сөзін Е.Жовтис.

Оның пайымдауынша, стандарттардың сақталуына әсер ететіндей тетіктер болмаған жағдайда әлгіндей қос стандарт, екіжүзділік деген пайда болады. Исіресе бағалау саласында. "Бұл дағдарыс сайып келгенде дүниежүзінде лаңкестікпен күрес деген желеумен адамның құқығы мен бостандығының шектелуіне алып келуде. Қауіпсіздік дегенді көлденең тартқан Батыстың өзі мемлекеттің мүддесін жеке бастың құқығы мен бостандықтарынан жоғары қою ағымына бет алды. Бұл өте қапалы құбылыс",- деді Е.Жовтис.

"Мемлекеттер арасында қол қойылған көп жақты немесе екі жақты келісімдердің арасында адам құқығына қатысты келісімдер үшінші сорттағы келісімдер кейпінде. Қарап отырсақ, экономика саласындағы келісімдерді орындамау ыңғайсыздау секілді. Ал қауіпсіздікке және әскери салаға қатысты келісімдерді орындамау - ешкімнің де ойына келмейтін іс. Олай болса, адам құқығына қатысты келісімдер ұйымдар шеңберінде қол қойылған, деңгейі жағынан ешбір кем түспейтіндігіне қарамастан, қол қоймады деп кінәламасын деген кейіппен қабылдай салған жай бір қағаз секілді сезіледі",- деді құқық қорғаушы.

"Демократиялық идеалдарды ілгерілету: еуропалық жол" атты бас қосуға құқық қорғау ұйымдарының өкілдері, Еуропа, АҚШ, Азия, Африка, Таяу Шығыс, Латын Америкасы мен ТМД елдерінің саясаткерлері қатысты.

Талқылау барысында демократиялық қоғам құруға қатысты өз көзқарастарын Еуропалық Одақтың сыртқы саясат және тату көршілестік саясат жөніндегі комиссары Бенита Ферреро-Вальднер мен Либералдар мен демократтардың Еуропа үшін Альянсының (ALDE) төрағасы , Еуропалық парламент мүшесі Грэхам Уотсон да ортаға салады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны