30.06.2006, 13:21 6901

Қырғызстан парламенті Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы одақтастық байланыстар туралы келісімді бекітті

БІШКЕК. 30-маусым. Kazakhstan Today. Қырғызстан парламенті – Жогорку кенеш Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы одақтастық байланыстар туралы келісімді бекітті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Бұл келісімді бекітуді қолдап 51 депутат дауыс берді. Бұл орайда парламентшілер келісімдегі Ыстықкөлдің жағалауындағы төрт пансионатты Қазақстанның меншігіне беру туралы және Бұқара-Ташкент-Бішкек- Алматы газ құбырының Қырғызстанға қарасты бөлігін пайдалану туралы екі бөлімін алып тастады. Бұл мәселелер жеке келісімдердің аясында қаралады деп күтілуде.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қырғызстан сыртқы істер министрлігінің ақпаратына сәйкес, келісімге қол қою туралы бастаманы Қырғызстан жағы көтерген. Оған 2003-жылғы 25-желтоқсанда Астанада қол қойылды. Қырғызстан парламенті бұл құжатты бұған дейін де бірнеше мәрте қарап, толықтыруға жіберген болатын. 13-маусымда келісімді талқылаған депутаттарының басым бөлігі құжатта Қырғызстанның мүддесі ескерілмеген деп санаған. Депутаттардың пікірінше, келісімге аймақтағы су-энергетикалық ресурстарды пайдалану, Қырғызстанның жүктерін Қазақстан аумағы арқылы тасымалдау және еңбек миграциясы жөніндегі мәселелерді енгізу керек.
Қазақстан парламенті бұл келісімді әлдеқашан бекіткен.

Ал бүгін Қырғызстан парламенті демалысқа шықты. Қырғызстан мемлекет басшысы Құрманбек Бакиевтің Қазақстанға сапары 5-6-шілдеге белгіленген.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны